Мексикадағы түрмеде жаппай төбелес болып, 10 адам қаза тапты

Бүгін, 14:10 / Ахмет Қанатұлы
x.com/@OnDemand_News

Мексиканың Синалоа штатындағы түрмелердің бірінде болған жаппай төбелес салдарынан кемінде 10 адам қаза тауып, тағы 16 адам жарақат алды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға Синалоа штатындағы «Эль-Кастильо» түзеу мекемесінде болған.

Түрмедегі жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына Ұлттық гвардия қызметкерлері жіберілген. Құқық қорғау органдары араласқаннан кейін мекемедегі жағдай бақылауға алынған.

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, қаза тапқандардың арасында түрмеде жазасын өтеп жатқан туысына кездесуге келген адам да болған.

Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді. Оқиғадан кейін қауіпсіздік мақсатында түрмедегі барлық кездесу уақытша тоқтатылған.

Синалоа штатының прокуратурасы оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтау үшін тергеу бастады.

БАҚ мәліметінше, бұл оқиға Синалоа штатында жалғасып жатқан қауіпсіздік дағдарысы кезінде болған. Өңірдегі тұрақсыз жағдай қылмыстық топтар арасындағы текетіреспен байланыстырылады.

Тэгтер:

Мексика