Қазақстанда алаяқтық қарыздар азайып, тұтынушылық кредит беру өсімі баяулады

Бүгін, 17:40 / Альфия Адамбек

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде Қазақстанда алаяқтық жолмен рәсімделген қарыздар саны айтарлықтай азайып, тұтынушылық кредит беру қарқыны бәсеңдеді. 2024 жылы алаяқтық жолмен 8,7 мың қарыз рәсімделсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 1,9 мыңға дейін төмендеген. Ал тұтынушылық кредит портфелінің өсу қарқыны бір жыл ішінде 14,6%-дан 7,5%-ға дейін шамамен екі есеге азайды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл нәтижелер Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер басшыларымен және қаржы омбудсмандарымен кездесуінде айтылды.

Агенттік соңғы екі жылда халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеуге және қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар реттеу шарасын қабылдады. Атап айтқанда, борыш жүктемесінің коэффициентіне қойылатын талаптар күшейтіліп, төлем мерзімін 90 күннен астам уақытқа кешіктірген азаматтарға жаңа қарыз беруге тыйым салынды. Сондай-ақ тұтынушылық кредиттердің сомасына шектеу қойылып, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі төмендетілді.

Бұған қоса, қаржы ұйымдарын қадағалау күшейтіліп, банктер үшін ең төменгі резервтік талаптар енгізілді. 

Қаржылық алаяқтықпен күрес те Агенттік жұмысының басым бағыттарының бірі болып отыр. Азаматтардың атына олардың келісімінсіз қарыз рәсімдеудің алдын алу үшін кредит беру тәртібіне қосымша қауіпсіздік талаптары енгізілді.

Атап айтқанда, кредит рәсімдеу кезінде шешім қабылдау кезеңі белгіленді. Алғаш рет қарыз алатын азаматтардың жеке қатысуы міндеттеліп, 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан клиенттердің келісімін растау талаптары күшейтілді. Онлайн-қарыздарды рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру қарастырылды.

Сонымен қатар кредиттік бюролар Ұлттық Банктің Антифрод-орталығына қосылып, бірнеше кредиттік өтінім туралы мәліметтерді нақты уақыт режимінде алмасуға мүмкіндікберді. Банктердің мобильді қосымшаларына да күмәнді әрекеттерді анықтауға арналған антифрод жүйелері енгізілді.

Агенттік алдағы уақытта банктердің алаяқтыққа қарсы жүйелерін одан әрі жетілдіруді және олардың тиімділігіне тәуелсіз аудит жүргізуді көздеп отыр.

Кездесуде проблемалық берешекті реттеу және қаржы ұйымдарының клиенттер алдындағы жауапкершілігін арттыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

2026 жылдың тоғыз айында Агенттік азаматтардан түскен 144,3 мың жолданымды қараған. Олардың 48%-ы банк секторына, 33%-ы микроқаржы ұйымдарына, 9%-ы коллекторлық қызметке қатысты. Азаматтар көбіне берешекті реттеу, шоттардың бұғатталуы, қаржылық алаяқтық және кредиттік тарих мәселелері бойынша жүгінген.

Осыған байланысты Агенттік қаржы ұйымдарына клиенттердің мәселелерін мемлекеттік органдардың араласуын күтпей, өз деңгейінде шешу қажеттігін атап өтті. Банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімшелерінің жұмысы өтініштерге уақытылы жауап берумен ғана емес, азаматтардың мәселелерін нақты шешу нәтижелерімен бағалануға тиіс.

Проблемалық қарыздарды реттеу кезінде азаматтардың табысы мен нақты төлем қабілетін ескеру, сондай-ақ борыш жүктемесін азайтуға бағытталған тиімді шешімдер ұсыну қажеттігі айтылды.

Азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру аясында қаржы омбудсманы қызметін дамыту да жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – FinKomek цифрлық платформасы. Онықаржылық қызметтерді тұтынушылардың жолданымдарын қабылдау мен қараудың бірыңғай жүйесіне айналдыру көзделген.

Платформа арқылы азаматтар өтініш беріп, оның қаралу барысын қадағалай алады. Жүйе жолданымдарды тиісті қаржы ұйымына немесе қаржы омбудсманына бағыттап, қарау мерзімдері мен қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға мүмкіндік береді.

Агенттік өз кезегінде азаматтардың шағымдарын жүйелі түрде талдап, қаржы ұйымдарының қызметіндегі қайталанатын проблемалар мен заңбұзушылықтарды анықтауға басымдық береді. Мұндай деректер қадағалау шараларын қабылдау, қаржы нарығын реттеу талаптарын жетілдіру және тұтынушылардың құқықтары бұзылуының алдын алу үшін пайдаланылады.

Кездесу соңында қаржы нарығына қатысушылар халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету, қаржылық алаяқтыққа қарсы күресті күшейту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Тэгтер:

несие банк алаяқтық