Француз сарапшылары Қазақстанның Орталық Азиядағы жаңғыру үдерісіндегі рөлін бағалады

Бүгін, 13:39 / Альфия Адамбек

Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар шетелдік сарапшылардың оң бағасына ие болып отыр. Халықаралық қауымдастықтың назарын парламент пен сот жүйесіндегі өзгерістер, адам құқықтарын қорғау институттарын нығайту және елдің еуропалық құқықтық стандарттарға біртіндеп жақындауы аударып отыр. Бұл өзгерістерге француз журналисті Радуан Курак пен геосаясат және халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесші Себастьен Буссуа өз бағасын берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Француз журналисті әрі шолушы Радуан Курак Қазақстанды Орталық Азиядағы құқықтық мемлекетті нығайту үлгісі ретінде атады. Оның пікірінше, жүргізіліп жатқан реформалар елдің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға ұмтылысын көрсетеді.

«Орталық Азиядағы құқықтық мемлекет туралы сөз болғанда, Қазақстанды үлгі ретінде атауға болады. Ел азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар реформа жүргізіп жатыр», – деді ол.


Курак маңызды өзгерістердің қатарында бір палаталы парламентке көшу, сот жүйесін жаңғырту және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын дамытуды атады. Журналистің бағалауынша, Қазақстанда қалыптасып жатқан институционалдық модель мемлекеттік басқару мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың еуропалық тәсілдеріне едәуір сәйкес келеді.

Ал геосаясат және халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесші, PhD дәрежесінің иегері Себастьен Буссуа Қазақстандағы реформаларды өңірлік даму тұрғысынан қарастырды. Ол Қазақстанның жаңғыру жолын жүйелі түрде жалғастырып, институционалдық өзгерістерге басымдық беретін Орталық Азия мемлекеттерінің арасында маңызды орынға ие болып отырғанын айтты.

«Орталық Азияның көптеген елі жаңғыру мен ырықтандыруға ұмтылып, белсенді дами бастады. Солардың қатарында соңғы жылдары ауқымды жаңғыру үдерісін бастаған Қазақстан да бар», – деді ол.


Буссуа мемлекеттік биліктің негізгі институттарына қатысты өзгерістерге де назар аударды. Оның пікірінше, бір палаталы парламент жүйесіне көшу сот төрелігін ұйымдастырудағы маңызды өзгерістермен қатар жүріп, сот билігінің дербестігін нығайтуға бағытталған.

«Қазақстандағы өзгерістер қос палаталы парламенттен бас тартып, Сенатты тарату және сот жүйесін жаңғырту бағыттарын қамтиды. Сонымен қатар сот билігінің тәуелсіздігін нығайтып, оны дербес қаржыландыруға басымдық беріліп отыр», – деді Себастьен Буссуа.

Елдің алдағы даму перспективаларын бағалай келе, француз сарапшысы Қазақстанның Орталық Азияны жаңғыртудағы айрықша рөліне тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстан өңірде институционалдық өзгерістердің өзіндік моделін қалыптастырып, Еуропаға жақындау бағытын ұстанып отырған алғашқы мемлекеттердің бірі.

Тэгтер:

қазақстан сарапшы Француз