Қарағанды облысының Теміртау қаласында 52 жастағы ер адам мен оның 49 жастағы жұбайы өз пәтерінен өлі табылды. Қос адамның өліміне қатысты олардың 20 жастағы ұлы күдікке ілінді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы жағдай көпқабатты үйлердің бірінде болған. Көршілердің сөзінше, оқиға болған түні әйел бесінші қабаттағы пәтерінен дәлізге жүгіріп шығып, көмекке шақырған. Оның дауысын естіген тұрғындар бірден полицияға хабар берген.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары пәтердің есігін бұзып кіруге мәжбүр болған. Үйдің ішінен және дәлізден қан іздері табылған.
Алдын ала тараған ақпаратқа сәйкес, 20 жастағы жігіт әкесіне алты, ал анасына тоғыз рет пышақ жарақатын салып, кейін оқиға орнынан бой тасалаған. Алайда жарақаттардың нақты саны туралы мәлімет ресми түрде расталған жоқ.
Көршілерінің бірі Елена Маскаева күдіктінің келесі күні таңертең қолға түскенін айтқан. Оның сөзінше, тұрғындар арасында жігіт пен ата-анасының арасында келіспеушілік болғаны жөнінде әңгіме тараған. Дегенмен бұл болжамды құқық қорғау органдары растаған жоқ.
Үй тұрғындарының айтуынша, марқұм ерлі-зайыпты аталған пәтерге шамамен бір жарым жыл бұрын көшіп келген. Көршілері оларды тыныш отбасы ретінде сипаттап, ұлдарының көпшілікпен аса араласпайтын, тұйық мінезді болғанын жеткізген.