Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінен кейін ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген 18 жастағы қыздың туысы көпшіліктен көмек сұрап, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Туысының айтуынша, концерт кезінде жиналған жұрттың арасында қысылыс болып, бойжеткен құлап қалған. Салдарынан ол қалың топтың аяғының астында қалып, ауыр жарақат алған.
“Адамды құлатып, өлім аузына жеткенше таптайтындай қалай сонша қатыгез болуға болады? Менің бауырымды не үшін ұрып, таптадыңыздар? Ол алты сағаттан бері жансақтау бөлімінде, өмір мен өлімнің арасында жатыр. Қазір бізге өте ауыр. Өтінемін, аман қалсын деп дұға етіңіздерші”, – деп жазды қыздың туысы.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен 18 жастағы қыздың жағдайы ауыр екенін мәлімдеді.
Басқарманың хабарлауынша, бойжеткенге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Кейін жедел жәрдем қызметкерлері оны ауруханаға жеткізген. Қазіргі уақытта науқас дәрігерлердің үздіксіз бақылауында болып, қажетті ем қабылдап жатыр.
Еске салайық, оқиға 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда ұйымдастырылған Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған.
Куәгерлердің сөзінше, стадионға кіреберісте көрермендер шамадан тыс жиналып, адамдар бір-бірін итеріп, қысылыс пайда болған. Әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі сол сәтте бірнеше адамның құлап, тіпті есінен танып қалғанын жазған.
Оқиғадан кейін желіде концертті ұйымдастыру деңгейі мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қызу талқыланды. Бірқатар тұрғын ұйымдастырушыларды қауіпсіздік шараларына жеткілікті көңіл бөлмеді деп сынға алды.