Польшада соңғы бір аптада білім беру мекемелерінде бірнеше шабуыл тіркеліп, адамдар қаза тауып, жарақат алды. Соңғы оқиға Варшава қаласында болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Варшавадағы ересектерге арналған мектепте 21 жастағы студент қыз үш әйелге шабуыл жасаған. Салдарынан 17 жастағы екі қыз бен 24 жастағы әйел зардап шекті. Жараланғандардың бірі ауруханаға жеткізілсе, қалған екеуіне медициналық көмек көрсетілген. Полиция күдіктіні ұстады. Қазір оның мұндай әрекетке не себепті барғаны анықталып жатыр.
Бұл Польшада соңғы күндері болған алғашқы жағдай емес. 7 қазанда Остроленка қаласындағы кәсіптік мектепте 19 жастағы оқушы адамдарға шабуыл жасаған. Оқиға салдарынан тоғыз адам жарақат алды. Олардың арасында бес оқушы мен екі мұғалім бар.
Дәл сол күні Серпец қаласында полиция тағы бір ықтимал шабуылдың алдын алған. Тексеру барысында 17 жастағы жасөспірімнен екі пышақ табылған.
Ал 8 қазанда Лещидул-Новины елді мекеніндегі мектепте жасөспірім қызметкерлерге пышақпен шабуыл жасаған. Соның салдарынан бір әйел көз жұмып, тағы екі адам жарақат алды.
Associated Press агенттігінің мәліметінше, 10 қазанда Польша полициясы қауіпсіздік шараларын күшейту аясында 76 адамды ұстағанын хабарлады. Сондай-ақ ел бойынша 50 мыңға жуық мектеп тексерілген.
Құқық қорғау органдары аталған оқиғалардың өзара байланысты екенін растайтын дәлелдер табылмағанын мәлімдеді. Қазір шабуылдардың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.