Джибути жағалауында мигранттар мінген қайық суға батып, кемінде 139 адам қаза тапты. Тағы 84 адам із-түссіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды Arasha.kz.
Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, қайық Джибутиден Йеменге қарай бет алған. Бортта 305 адам болған. Апат 8 қазаннан 9 қазанға қараған түні Обок қаласының солтүстігіндегі Гехере маңында болған.
Қаза тапқандардың арасында балалар да бар. AFP дерегінде кемінде 15 баланың мерт болғаны айтылады.
Халықаралық көші-қон ұйымы бұл оқиғаны Шығыс көші-қон бағыты бойындағы ең ауыр теңіз апаттарының бірі деп атады. Бұл бағыт Эфиопия мен Африка мүйісінің өзге елдерінен Йемен арқылы Парсы шығанағы мемлекеттеріне жетуге тырысатын мигранттар арасында кең таралған.
Ұйым бас директоры Эми Поуп мигранттардың мұндай қауіпті сапарға көбіне қауіпсіз әрі заңды балама жол болмағандықтан шығатынын атап өтті.
Джибути билігі іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Халықаралық көші-қон ұйымы да зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетіп, уақытша баспана мен азық-түлік беріп жатқанын хабарлады.
Іздеу жұмыстары жалғасып жатқандықтан, қаза тапқандар мен жоғалғандар саны өзгеруі мүмкін.