Ақтауда контрафактілік тіс пастасын заңсыз сатқан жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 90 825 теңге көлемінде айыппұл салды.
Маңғыстау облысы соттарының мәліметінше, іс Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралған.
Кәсіпкерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабы – бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, географиялық нұсқаманы немесе тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану бойынша айып тағылған.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 30 қыркүйекте Маңғыстау облысының Әділет департаменті азаматтың өтініші негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру барысында кәсіпкердің контрафактілік тіс пастасын саудаға шығарғаны анықталған.
Сот отырысында кәсіпкер өз кінәсін мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұраған.
Сот оның кінәсін мойындауын және құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Заң бойынша бұл құқық бұзушылық үшін 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 129 750 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Алайда сот жазаны 30 пайызға азайтып, кәсіпкерге 90 825 теңге айыппұл салды.
Сонымен қатар іс бойынша айғақ заттарды тәркілеу туралы шешім қабылданған.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.