Қайрат Нұртастың концертінде жарақат алған бойжеткеннің жағдайы ауыр

Бүгін, 11:03 / Альфия Адамбек
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде адамдар арасында қысылып қалған 18 жастағы қыз жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен «Сахнада 20 жыл» концертінде болған. Алдын ала мәліметке сүйенсек, көрермендер шамадан тыс шоғырланып, бойжеткен көпшілік арасында қысылып, жарақат алған.

Зардап шеккен қыздың туысы әлеуметтік желіде жазба жариялап, жұрттан қолдау сұраған. Оның айтуынша, бойжеткен адамдардың аяғының астында қалған.

«Адамды құлатып, өлім аузына жеткенше таптайтындай қалай сонша қатыгез болуға болады? Менің бауырымды не үшін ұрып, таптадыңыздар? Ол алты сағаттан бері жансақтау бөлімінде, өмір мен өлімнің арасында жатыр. Қазір бізге өте ауыр. Өтінемін, аман қалсын деп дұға етіңіздерші», – деп жазған туысы.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы бойжеткеннің жағдайына қатысты түсініктеме берген. Басқарманың 11 қазан таңертеңгі мәліметі бойынша, науқастың жағдайы тұрақты ауыр болғанымен, аздаған жақсару байқалған.

«Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Науқас мамандардың бақылауында», – деп хабарлаған басқарма.

Тэгтер:

концерт қыз қайрат нұртас жарақат