Қазақстанда алғаш рет "үш ата-ананың" қатысуымен сәби дүниеге келді

Бүгін, 15:05 / Ахмет Қанатұлы
Сәби. Көрнекі фото: Halfpoint Images / Getty Images

Қазақстанда алғаш рет жұмыртқа жасушасының ядросын донорлық жасушаға көшіру әдісі арқылы сәби дүниеге келді. Қыз баланың анасы – 43 жастағы әйел. Ол бұған дейін төрт жыл бойы бірнеше рет ЭКҰ процедурасынан өткен, алайда жүкті болу әрекеттері сәтсіз аяқталған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сәби 10 қазанда Алматыдағы PERSONA репродуктивті медицина клиникасында дүниеге келген. Ана мен баланың жағдайы жақсы екені хабарланды.

Бұл жаңалық туралы медицина ғылымдарының докторы Алмаз Шарман да әлеуметтік желіде жазды.

Оның түсіндіруінше, мұндай жағдайда әдетте донорлық жұмыртқа жасушасын пайдалану ұсынылуы мүмкін. Алайда бұл жолы мамандар басқа тәсілге жүгінген.

Әдіс қалай жұмыс істейді?

Ананың жұмыртқа жасушасындағы генетикалық ақпарат сақталған ядро алынып, ядросы алдын ала алынып тасталған жас донордың жұмыртқа жасушасына көшірілген.

Осылайша ананың ядролық генетикалық материалы донордың сау митохондриялары бар жасушасына орналастырылған. Кейін жасуша әкенің қатысуымен кәдімгі ЭКҰ әдісі арқылы ұрықтандырылған.

Митохондрияларды жасушаның энергия өндіретін бөлігі деуге болады. Жас ұлғайған сайын олардың қызметі әлсіреуі мүмкін, бұл кейбір жағдайда эмбрионның қалыпты дамуына әсер етеді.

Неліктен "үш ата-ананың баласы" деп аталады?

Бұл технологияны шетелдік БАҚ-та кейде "үш ата-ананың баласы" деп атайды.

Алайда мамандар бұл атаудың ғылыми тұрғыдан дәл емес екенін атап көрсетеді. Сәбидің негізгі тұқымқуалаушылық ақпаратын қамтитын ядролық ДНҚ-сы биологиялық әкесі мен анасынан алынған.

Донордың үлесі жасушадағы митохондриялық ДНҚ-мен шектеледі. Алмаз Шарманның айтуынша, сәбидің ДНҚ-сының шамамен 99,9 пайызы әкесі мен анасына тиесілі.

Технологияны кім жүзеге асырды?

Ғылыми жобаның жетекшілері – профессорлар Шухрат Миталипов пен Вячеслав Локшин.

Шухрат Миталипов – АҚШ-тағы Орегон денсаулық және ғылым университетінің эмбриондық жасушалар және гендік терапия орталығын басқаратын белгілі ғалым. Ол Алматы облысының Ават ауылында дүниеге келген және жасуша ядросын көшіру технологиясын ұзақ жылдар бойы зерттеп келеді.

Эмбриологияға қатысты практикалық жұмыстарды Алматыдағы қазақстандық мамандар жүргізген.

Жоба Қазақстанда 2025 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және бірнеше рет сәтсіз ЭКҰ-дан өткен, мұқият іріктелген пациенттерге арналған ғылыми зерттеу ретінде қарастырылып отыр.

Әдіс әзірге эксперименттік деңгейде

Алмаз Шарман бұл технологияны бедеуліктің барлық мәселесін шешетін әмбебап әдіс ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті.

Оның айтуынша, тәсіл барлық әйелге көмектеспейді, генетикалық ақауларды түзетпейді және жүктіліктің міндетті түрде сәтті аяқталатынына кепілдік бермейді.

Сондықтан мұндай жолмен дүниеге келген балалардың денсаулығын ұзақ мерзім бойы бақылау және қосымша ғылыми зерттеулер жүргізу қажет.

Қазір аталған бағдарламаға қатысқан тағы бір әйелдің босануға дайындалып жатқаны хабарланды.

Тэгтер:

денсаулық сәби Алмаз Шарман