Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов U23 әлем чемпионатында алтын алды

Бүгін, 10:45 / Ахмет Қанатұлы
Фото: ҚР ҰОК

Қазақстандық грек-рим күресінің балуандары Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Айбек Айтбеков 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Финалда ол Әзербайжан өкілі, U23 санатындағы әлем чемпионы Эльмир Алиевті жеңді.

Айтбеков финалға дейін ресейлік Әлібек Амировты, жапониялық Сэйма Токухараны және украиналық Евгений Поковбаны жеңген. Бұған дейін қазақстандық балуан биыл U23 Азия чемпионатында да топ жарған.

Қазақстан құрамасына екінші алтынды 72 келіде өнер көрсеткен Юсуф Ашрапов әкелді. Ол шешуші белдесуде армениялық Гаспар Тертеряннан басым түсті.

Осылайша, Қазақстан құрамасы бір күнде грек-рим күресінен екі алтын медаль иеленді.

Сонымен қатар Темірлан Тұрдақын 87 келіге дейінгі салмақта финалға шығып, Қазақстан қоржынына тағы бір жүлде түсіретініне кепілдік берді.

U23 әлем чемпионаты Лас-Вегаста 12-18 қазан аралығында өтіп жатыр. Турнирге Қазақстан атынан еркін, грек-рим және әйелдер күресінен 30 спортшы қатысып жатыр.

Тэгтер:

Айбек Айтбеков Юсуф Ашрапов