Астанада ұшақ жолаушысының 3600 АҚШ долларын ұрлады деген күдікпен шетел азаматы ұсталды. Жоғалған ақша кейін елордадағы қонақүйлердің бірінен табылған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, Астана әуежайында полицияға 41 жастағы елорда тұрғыны жүгінген.
Ол "Чунцин – Бейжің – Астана" бағыты бойынша транзиттік рейспен ұшып келгеннен кейін 3600 АҚШ долларының жоғалғанын байқаған.
Полиция жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні анықтаған. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол жәбірленушімен бір рейсте болған және ұшақ салонында оның артында отырған.
Күдікті қонақүйден ұсталды
Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, шетел азаматы Астанадағы қонақүйлердің бірінен ұсталған.
"Күдікті елорда қонақүйлерінің бірінде ұсталды. Тінту барысында одан түрлі валютадағы ақша қаражаты, оның ішінде ұрланған 3600 АҚШ доллары толық көлемде тәркіленді. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде", – деп мәлімдеді Көліктегі полиция департаменті.
Тәркіленген 3600 доллар кейін заңды иесіне толық көлемде қайтарылған.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Ұсталған азаматтың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.