Астанада автобус жолақысы қымбаттайды: Жаңа тарифтер бекітілді

Бүгін, 11:42 / Ахмет Қанатұлы
Фото: Астана әкімдігі

Астанада қоғамдық көліктегі жол жүру ақысының жаңа сараланған тарифтері бекітілді. Жаңа жүйеде төлем тәсілі мен маршрут түріне қарай жолаушылар 150 теңгеден 400 теңгеге дейін төлейді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қалалық автобустарда электронды жол жүру құжаты немесе басқа да қолма-қол ақшасыз төлем сервистері арқылы есеп айырысқан кезде жолақы 150 теңге болады.

Ал жедел қалалық маршруттарда электронды төлем кезінде тариф 300 теңге болып белгіленген.

Әлеуметтік маңызы бар тұрақты маршруттарда қолма-қол ақшасыз төлем жасаған жолаушылар үшін де жолақы 150 теңге болады.

Қолма-қол ақша төлегендер көбірек төлейді

Қалалық автобуста қолма-қол ақшамен есеп айырысқан жолаушылар үшін жолақы 300 теңге болады.

Жедел қалалық бағыттарда қолма-қол төлем жасаған кезде тариф 400 теңгеге дейін жетеді.

Ал әлеуметтік маңызы бар тұрақты маршруттарда қолма-қол ақша арқылы төлем жасау құны 300 теңге болып белгіленген.

Қала маңындағы маршруттарда қолма-қол ақшасыз төлем кезінде бір шақырым үшін 13 теңге, ал қолма-қол төлемде 19 теңге алынады.

Жеңілдік картасын пайдаланатын тиісті санаттағы азаматтар үшін әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жол жүру ақысы 0 теңге болып қалады.

Электронды жүйе істемей қалса, жол жүру тегін

Қаулыда электронды жолақы төлеу жүйесі жұмыс істемей қалған жағдайда электронды төлем жасауға дайын болған жолаушының тегін жүруге құқығы бар екені көрсетілген.

Астана әкімдігі жол жүру тарифін өсіру қажеттігін тасымалдаушылар шығындарының айтарлықтай артуымен түсіндірді. Қазіргі таңда кәдімгі қалалық қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 110 теңгені құрайды. Әкімдік мәліметінше, жаңа 150 теңгелік қолма-қол ақшасыз тарифті 1 желтоқсаннан бастап енгізу жоспарланған.

Тэгтер:

Астана автобус жол ақысы