Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы әрі журналист Нүриддин Шәмшіұлы өмірден озды. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Нүриддин Шәмшіұлы 1949 жылы 8 сәуірде қазіргі Түркістан облысының Ордабасы ауданында туған. 1966 жылы Темірлан ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепті бітіріп, Шымкент педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түскен. Жоғары оқу орнын 1970 жылы тәмамдаған.
Еңбек жолында “Ордабасы оттары” газетінің редакторы болып қызмет атқарған. Ауданның тыныс-тіршілігін, мәдениеті мен рухани өмірін басылым бетінде көтеріп, өңір журналистикасының дамуына үлес қосқан.
Нүриддин Шәмшіұлы Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі атанып, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальдардың иегері болған.
2021 жылы оған “Облысқа сіңірген еңбегі үшін” медалі табысталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен “Ерен еңбегі үшін” медалімен де марапатталған.