"Неге үнсіз отырсыздар?": Экс-депутат Абзал Құспан Мусин мен Мәдиевке үндеу жасады

Бүгін, 14:52 / Ахмет Қанатұлы
Фото-коллаж: Arasha.kz / ЖИ

Бұрынғы мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан Қазақстандағы цифрлық сервистердің жұмысына қатысты соңғы жағдайдан кейін Бағдат Мусин мен Жаслан Мәдиевке үндеу жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ол Facebook парақшасында жариялаған жазбасында екі азаматтың да елдегі цифрландыру саласының дамуына қосқан үлесін атап өтіп, алайда қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелерге байланысты олардың пікір білдірмей отырғанына назар аударды.

"Мен сіздерді Қазақстандағы цифрландырудың бастауында тұрған, Мемлекет басшысы ерекше сенім артқан, еліміз үшін жаңа саланың дамуына жол ашқан азаматтар ретінде танимын. Еңбектеріңізді бағалаймын, болашақтарыңызға үлкен үмітпен қараймын", – деп жазды Құспан.

Оның сөзінше, бұған дейін Бағдат Мусин мен Жаслан Мәдиевтің қызметіне қатысты ашық сын айтпаған. Алайда Yandex Go сервисіндегі ақаудан кейін отандық такси платформалары туралы пікірталастың күшеюі оны осы мәселеге қатысты үн қатуға итермелеген.

"Соңғы күндері Яндекс такси қызметіне байланысты туындаған жағдайдан кейін отандық "Апару", "Қажет" такси сервистері төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе қазақ тілді ортада қатты талқылануда. Шынымды айтсам, көп нәрсе түсініксіз. Түсінбей отырғандардың бірі мен өзім", – деді Құспан.

Экс-депутаттың пікірінше, осындай кезеңде цифрландыру саласына бұрын жауапты болған және қазір жауап беріп отырған тұлғалар қоғамға түсініктеме беріп, жағдайдың мән-жайын ашық айтуы тиіс.

"Міне, дәл қазір сіздердің ел алдына шығып, жағдайды түсіндіріп, бағыт-бағдар беретін уақыттарыңыз емес пе? Еліміздің цифрлық болашағына жауапты азаматтар осындай сәтте сөйлемегенде, қашан сөйлейді?" – деп сұрады ол.

Сонымен бірге Абзал Құспан бұл жазбаны жеке сын немесе айыптау ретінде қабылдамау керегін атап өтті.

"Сіздерге деген құрметім өзгерген жоқ. Жеке бастарыңызға да, атқарып жатқан жұмыстарыңызға да көлеңке түсіру ойымда жоқ. Бірақ бір нәрсені түсінбеймін: елге сөздеріңіз керек болып тұрған дәл осы сәтте неге үнсіз отырсыздар?" – деп түйіндеді заңгер.

Тэгтер:

абзал құспан Жаслан Мәдиев Бағдат Мусин