АҚШ-та мектепте атыс болып, үш бала мен мұғалім көз жұмды

Бүгін, 10:39 / Ахмет Қанатұлы
x.com/CBS2Boise

АҚШ-тың Орегон штатындағы бастауыш мектепте қарулы шабуыл жасалып, төрт адам қаза тапты. Олардың үшеуі – балалар, біреуі – мұғалім. Тағы екі адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы оқиға 15 қазанда Орегон штатының Бенд қаласындағы Silver Rail бастауыш мектебінде болған. Жергілікті полицияның мәліметінше, көз жұмған балалар 5, 8 және 11 жаста болған.

Бұдан бөлек, 7 жастағы оқушы мен 54 жастағы мұғалім ауыр жарақат алған. Екеуі де медициналық орталыққа жеткізілген.

Бенд қаласы полициясының бастығы Майк Кранцтың айтуынша, төтенше жағдай қызметіне алдымен мектеп маңында қарулы адамның жүргені туралы хабар түскен. Кейін диспетчерлерге оқу орнында атыс болғаны жөнінде ондаған қоңырау келіп түскен.

Алдын ала мәлімет бойынша, 16 жастағы күдікті мектептің құлыптаулы есіктеріне оқ атып, ғимарат ішіне кірген.

Полиция қызметкерлері алғашқы хабарлама түскеннен кейін үш минут ішінде оқиға орнына жеткен. Алайда олар келгенше қарулы шабуыл жасаған жасөспірім көз жұмған.

Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, күдіктіні мектепке кіргенін байқап, соңынан ерген жергілікті тұрғын атып өлтірген. Оның жеке басына қатысты ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Орегон губернаторы Тина Котек қайғылы оқиғаға байланысты қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қарулы адамды тоқтатқан тұрғынның әрекетін жоғары бағалады.

"Бүгін Орегон тұрғындары бұл қайғыға ортақтасуда. Бұл – сұмдық күн. Ешбір ата-ана мұндайды бастан кешпеуі керек. Және ешбір қоғам мұндай жағдайды өткермеуге тиіс", – деді губернатор.

Қазіргі уақытта шабуылдың нақты себебі анықталып жатыр. Күдіктінің аталған мектеппен қандай байланысы болғаны да белгісіз.

АҚШ Федералдық тергеу бюросының (ФБР) қызметкерлері жергілікті полициямен бірлесіп тергеу жүргізуде.

Қайғылы жағдайдан кейін Бенд қаласындағы мектеп округінде 16 қазанға жоспарланған сабақтар мен спорттық іс-шаралар тоқтатылды.

Тэгтер:

АҚШ мектеп