Қызылордада көлік қаққан бес айлық сәби шетінеп, анасы ауыр жағдайда жатыр

Бүгін, 11:47 / Альфия Адамбек
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Қызылордада арбамен келе жатқан әйел мен бес айлық баласын көлік қағып кетті. Сәби ауруханада көз жұмды, ал анасының жағдайы өте ауыр. Оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жол апаты 13 қазанда сағат 17:10 шамасында болған. Mitsubishi Lancer көлігі әйел мен нәрестесін қағып, екеуі де ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер бес айлық ұл баланы аман алып қала алмаған.

26 жастағы анасы әлі есін жиған жоқ. Туыстарының айтуынша, оның қабырғалары мен жамбасы сынған. Алда бірнеше күрделі ота жасалуы қажет.

Қызылорда облыстық полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан жол апаты және оқиға орнын тастап кету деректері бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

“Күдіктінің жеке басы анықталды. Оның орналасқан жерін анықтап, ұстау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Қызылорда қаласының шығаберістерінде бақылау күшейтілді”, – делінген ведомство мәліметінде.

Тэгтер:

қылмыс Қызылорда көлік нәресте