Министр Саясат Нұрбек қуанышты жаңалықты жеткізді

Бүгін, 12:09 / Ахмет Қанатұлы
Саясат Нұрбек. Фото: facebook.com/sayasat

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-та өткен 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған қазақстандық спортшылар Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашраповты құттықтады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Лас-Вегас қаласында өткен дүниежүзілік додада қазақстандық қос балуан грек-рим күресінен алтын медаль жеңіп алды. Айбек Айтбеков 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік атанса, Юсуф Ашрапов 72 келіде қарсыластарынан басым түсті.

Министрдің айтуынша, әлем чемпиондары еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Айбек Айтбеков – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, ал Юсуф Ашрапов – М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенті.

Саясат Нұрбек әлеуметтік желідегі парақшасында қос спортшының жетістігін жоғары бағалап, олардың жеңісі жастарға жігер беретінін атап өтті.

"АҚШ төрінде көк туымыз желбіреді! Бір әлемдік додада екі бірдей балуанымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Юсуф Ашрапов пен Айбек Айтбеков 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанның мерейін асырды!

Айбек Айтбеков Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алса, Юсуф Ашрапов М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенті. Қос чемпион ел намысын абыроймен қорғады.

Мағжан Жұмабаевтың "Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты" деген жыр жолдары осындай жастарға арналғандай. Ақынның "Мен жастарға сенемін!" деген сөзі Юсуф пен Айбек секілді өрендердің жеңісімен үндесіп тұр.

Жеңіс тұғырындағы чемпионға қарап, спортқа қадам басатын студенттер көбейсін. Қазақстандық жастардың есімі ғылымда да, білімде де, спортта да таныла берсін!

Юсуф Ашрапов пен Айбек Айтбековті, олардың жаттықтырушыларын және жақындарын әлем чемпионатындағы жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын! Алтын медальдарың құтты болсын, жігіттер! Көк туымызды әлі талай әлемдік додада желбірете беріңдер", – деп жазды министр.

Саясат Нұрбек қос чемпионның жеңісі спорт пен білімді қатар алып жүрген жастарға үлгі екенін жеткізді. Сондай-ақ олардың жаттықтырушылары мен жақындарына құттықтауын арнады.

Тэгтер:

саясат нұрбек