Қызылордада бес айлық сәбиді қағып өлтірген жүргізушіге қатысты тың дерек шықты

Бүгін, 13:34 / Ахмет Қанатұлы
Фото: әлеуметтік желіден

Қызылордада анасы мен бес айлық нәрестені көлік қағып, қайғылы жағдай болды. Жол апатынан сәби көз жұмып, анасы ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне түсті. Ал оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші әлі ұсталған жоқ,, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әлеуметтік желіде жол-көлік оқиғасы болған жерден түсірілген бейнежазбалар тарады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Mitsubishi Lancer автокөлігін басқарған жүргізуші әйел мен оның баласын қағып, тоқтамастан кетіп қалған. Желіде көлік тізгінінде 2000 жылы туған азамат болғаны айтылуда.

Апат салдарынан әйел ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Әлеуметтік желідегі ақпарат бойынша, оның басы зақымданып, қабырғалары мен жамбас сүйегі сынған.

Ал 2026 жылғы 20 мамырда дүниеге келген нәресте басынан ауыр жарақат алған. Дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, ол ауруханада көз жұмды.

Қызылорда облыстық Полиция департаменті күдіктінің жеке басы анықталғанын растады. Алайда оның қайда жүргені әзірге белгісіз.

"Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы және оқиға орнынан кетіп қалу деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдіктінің жеке басы анықталды. Қызылорда облысының Полиция департаменті оның жүрген жерін анықтау және ұстау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда. Қалаға кіре беріс жолдарда бақылау күшейтілді. Күдіктіні іздестіру және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларына Полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды", – деп хабарлады ведомство.

Қазіргі уақытта жүргізушіні іздестіру жұмыстары жалғасуда. Полиция қалаға кіретін және шығатын жолдардағы бақылауды күшейтіп, күдіктіні ұстауға барлық қажетті күшті жұмылдырған.

Тэгтер:

Қызылорда көлік жүргізуші