Бастауыш мектепте атыс болып, 4 адам көз жұмды

Бүгін, 15:59 / Альфия Адамбек
Фото: Неәрожелі арқылы жасалды

АҚШ-тың Орегон штатындағы бастауыш мектепте болған атыстан үш оқушы мен бір мұғалім көз жұмды. Тағы екі адам ауыр жарақатпен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы оқиға Бенд қаласында болған. Қалалық полиция басшысы Майк Кранцтың айтуынша, шабуылдан қаза тапқан балалар 5, 8 және 11 жаста болған. Жараланған жеті жастағы оқушы мен 54 жастағы мұғалімнің жағдайы ауыр.

Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті мектептің құлыптаулы есіктеріне оқ атып, ғимаратқа кірген. Артынша жедел қызметке мектептегі атыс туралы ондаған хабарлама түскен.

Тәртіп сақшылары алғашқы қоңыраудан кейін үш минут ішінде оқиға орнына жеткен. Алайда полиция келгенге дейін жергілікті тұрғындардың бірі шабуыл жасаушыны атып өлтірген.

Майк Кранцтың түсіндіруінше, куәгер қарулы адамның мектепке кіргенін көріп, соңынан барған. Кейін ғимарат ішінде екеуінің арасында қақтығыс болған.

Орегон губернаторы Тина Котек қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Сондай-ақ ол шабуылды тоқтатып, өзге адамдардың өмірін сақтап қалуға әрекет еткен тұрғынның батылдығын атап өтті.

Губернатор бұл қасірет бүкіл штат тұрғындарының қабырғасын қайыстырғанын айтып, ешбір ата-ана мұндай қайғыны бастан кешірмеуі керектігін жеткізді.

Тэгтер:

оқушы мұғалім АҚШ мектеп