Тоқаев табиғатты қорғауға қатысты Қазақстанның жаңа бастамаларын жариялады

Бүгін, 20:18 / Ахмет Қанатұлы
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Қазақстанда киік саны 4,7 миллионға жетті, қар барысының популяциясы қалпына келіп жатыр, ал 70 жылдан кейін алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өткен Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде еліміздің табиғатты қорғау саласындағы жетістіктерін таныстырып, Каспий итбалықтарының жойылып кету қаупіне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы "Таза Қазақстан" қозғалысының ұлттық идеологияға айналып келе жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

16 қазанда Армения астанасы Ереванда БҰҰ-ның Биологиялық алуантүрлілік туралы конвенциясы тараптарының 17-конференциясы (COP17) қарсаңында Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммиті өтті. Халықаралық жиында әлем елдерінің басшылары табиғи ресурстарды сақтау, сирек кездесетін жануарларды қорғау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаға төнген қатерлермен бірлесіп күресу мәселелерін талқылады. COP17 негізгі конференциясы 19-30 қазан аралығында өтеді.

Саммитте сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Армения Премьер-министрі Никол Пашинянға қонақжайлық танытып, маңызды халықаралық кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы табиғатты қорғау тек бір мемлекеттің міндеті емес, бүкіл адамзаттың болашағына әсер ететін ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Оның айтуынша, климаттың өзгеруі, шөлейттену, су тапшылығы және экожүйелердің бұзылуы бүгінде көптеген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қауіп төндіріп отыр.

"Біз табиғат тартуын болашаққа жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында жиналып отырмыз. Яғни күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келуі ықтимал өскелең ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік жөнінде сөз қозғадық. Бұл – біздің өркениетіміздің аман қалуына да қатысты мәселе. Өйткені биоалуантүрлілік адамдар игілігін, экономикалық орнықтылықты және ұзақмерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте қажет. Бүлінбеген экожүйелер азық-түлік өндірісінде, су ресурстарын қорғауда және миллиондаған адамды кіріс көзімен қамтуда маңызды рөл атқарады. Шөлейттену және су тапшылығы, басқа да экологиялық проблемалар табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікке орасан қауіп төндіреді. Судың жеткіліксіздігі мен жердің тозуы миллиондаған адам үшін үйреншікті жағдайға айналды. Мұның салдары тым ауыр. Себебі бұл үдерістер мемлекеттер аумағынан ары асып, орнықты дамуды тежейді әрі жаһандық тұрақтылыққа зардабын тигізеді. Мұқият ойластырылған және нақты шараларды қамтитын экологиялық күн тәртібі саяси қайшылықтарды еңсеруі қажет. Бізге шынайы серіктестікке, бөліп-жармауға негізделген, ең бастысы, нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастық керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, әлемдегі экологиялық проблемаларды шешу үшін мемлекеттердің саяси ұстанымдары мен экономикалық мүдделерінен жоғары тұратын халықаралық ынтымақтастық қажет. Себебі табиғи ресурстардың азаюы немесе белгілі бір жануар түрінің жойылып кетуі бір елдің шекарасымен шектелмейді.

Қазақстан үшін бұл мәселенің маңызы ерекше. Аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған елімізде кең байтақ дала, биік таулар, орманды алқаптар, шөлейтті аймақтар мен ірі су экожүйелері орналасқан. Осындай табиғи ерекшеліктер Қазақстанның биологиялық алуантүрлілігін сақтауға қатысты жауапкершілігін арттырады.

"Таза Қазақстан" жалпыұлттық идеологияға айналып келеді

Саммит барысында Мемлекет басшысы елдегі экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, табиғатқа жанашырлық таныту тек сенбіліктер өткізумен, көшелерді қоқыстан тазартумен немесе ағаш отырғызумен шектелмеуі тиіс. Ол қоғамның күнделікті өмір салты мен дүниетанымының ажырамас бөлігіне айналуы қажет.

Осы тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев "Таза Қазақстан" бастамасының мәні мен маңызына назар аударды. Мемлекет басшысы экологиялық құндылықтардың ел Конституциясында көрініс тапқанын айтып, табиғатты қорғаудың мемлекеттік саясаттағы орны ерекше екенін жеткізді.

"Табиғаттың осы сыйын сақтау – жұрт алдындағы борышымыз, сондай-ақ халықаралық қоғамдастық алдындағы жауапкершілігіміз. Бұл құндылықтар Қазақстанның жаңа Конституциясында айқын көрініс тапты. Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді. Енді азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті. Бұдан бөлек, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленді. Табиғат байлығын сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екеніне сенімдіміз. "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткен. Бұл қозғалыс қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады", – деді Президент.

Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесі экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісінің жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын көрсетеді.

"Таза Қазақстан" бастамасының ауқымы тек қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етумен шектелмейді. Оның түпкі мақсаты – азаматтардың табиғатқа деген көзқарасын өзгерту, қоршаған ортаны қорғауды қоғамдағы ортақ құндылықтардың біріне айналдыру.

Президент сөзінен аңғарылғандай, экологиялық жауапкершілік мемлекеттік мекемелердің ғана міндеті болмауы керек. Табиғи байлықты сақтау ісіне әр азаматтың қатысуы маңызды.

Бұл ретте экономикалық даму мен табиғатты қорғау бір-біріне қарсы қойылмайды. Керісінше, елдің ұзақмерзімді дамуы қоршаған ортаның жағдайына тікелей байланысты екеніне назар аударылды.

Қазақстандағы киік саны 4,7 миллионға жетті

Президент Қазақстанның сирек кездесетін жануарларды сақтау бағытында қол жеткізген нәтижелеріне де тоқталды. Соның ішінде елдегі киік популяциясының қалпына келуі ерекше аталды.

Киік – қазақ даласының табиғи экожүйесінде маңызды орын алатын жануарлардың бірі. Бір кездері жойылып кету қаупіне ұшыраған бұл жануардың саны кейінгі жылдары айтарлықтай артқан.

Мемлекет басшысы келтірген деректерге сәйкес, 2003 жылы елімізде небәрі 21 мың киік тіркелген. Ал 2026 жылдың көктеміне қарай олардың саны 4,7 миллионға жеткен.

Президент бұл көрсеткішті табиғатты қорғау шараларының нақты нәтижесі ретінде бағалады. Сонымен қатар ол Қазақстандағы қар барыстарын қорғау жұмыстары туралы да айтты.

"Мұз дәуірін өткерген ежелгі жануардың даламыздағы экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы орны ерекше. Бүгінде киіктің әлемдік популяциясының 98 пайызға жуығы қазақ даласын мекен етеді. Егер елімізде 2003 жылы небәрі 21 мың бас киік болса, биыл көктемге қарай бұл көрсеткіш 4,7 миллионға жетті. Сондай-ақ асқар тауларымыздың тұмарына баланатын қар барыстары популяциясын қалпына келтіру жұмыстары көңілге сенім ұялатады. Ілбіс тіршілік ететін ортаның 70 пайызға жуығы еліміздегі қорғалатын аумақтарға тиесілі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған ілбістің популяциясы қар барысын қорғау және жүйелі ғылыми мониторинг шараларының нәтижесінде шамамен 190-ға дейін көбейді. Бұған билік органдарының, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің ұзақ жылдар бойы табанды әрі аянбай атқарған жұмысының нәтижесінде қол жеткізілд", – деді Президент.

Осылайша, 23 жыл ішінде Қазақстандағы киік саны 200 еседен астам көбейген.

Киік популяциясының осындай қарқынмен көбеюі табиғатты қорғау саласындағы маңызды жетістік болғанымен, жануарлардың саны артқан сайын оларды ғылыми негізде басқарудың да маңызы күшейеді.

Әсіресе, киіктердің көші-қон жолдарын сақтау, ауыл шаруашылығы алқаптарымен байланысты мәселелерді реттеу және табиғи тепе-теңдікті қамтамасыз ету өзекті болып қала береді.

Президент атап өткен жетістіктер жануарларды қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстың ұзақмерзімді нәтиже бере алатынын көрсетеді.

Қар барыстарының саны шамамен 190-ға жетті

Мемлекет басшысы Қазақстанның таулы аймақтарында мекендейтін қар барыстарының популяциясын қалпына келтіру жұмыстарына да жоғары баға берді.

Қар барысы немесе ілбіс – Қазақстанның табиғи байлығының ерекше символдарының бірі. Бұл жануардың тіршілік ету ортасы биік таулы аймақтармен тығыз байланысты болғандықтан, оны қорғау күрделі әрі ұзақмерзімді жұмыстарды талап етеді.

Президенттің мәліметінше, өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстанда қар барысының жойылып кету қаупі жоғары болған. Алайда қорғау шаралары мен ғылыми бақылаудың нәтижесінде популяция саны шамамен 190 дараққа дейін өскен. Сонымен қатар ілбіс мекендейтін аумақтардың 70 пайызға жуығы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға тиесілі екені айтылды. Бұл көрсеткіш қар барысын сақтау үшін ұлттық парктер мен қорықтардың маңызы зор екенін айғақтайды.

Мамандар үшін қар барысының санын есептеу ғана емес, оның тіршілік ету ортасын, қоректік базасын және табиғи көші-қон бағыттарын сақтау да маңызды. Сондықтан таулы экожүйелерді қорғау шаралары бір ғана жануар түрімен шектелмейді.

Президент бұл нәтижелерге мемлекеттік органдардың, ғалымдардың және халықаралық серіктестердің ұзақ жылдар бойы жүргізген жұмысының арқасында қол жеткізілгенін ерекше атап өтті.

70 жылдан кейін алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілді

Саммитте Қазақстан үшін тарихи маңызы бар тағы бір экологиялық жоба сөз болды. Ол – Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бастамасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы жұмыстарға халықаралық серіктестердің қолдау көрсеткенін атап өтті.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Ресей Федерациясына және оның Президентіне, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына, басқа да халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарға алғыс білдірді. Президенттің айтуынша, 2026 жылдың шілде айында соңғы 70 жыл ішінде алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілген. Бұл оқиға Қазақстанның биоалуантүрлілігін қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам ретінде аталды.

Тұран жолбарысы бір кездері Орталық Азияның өзен аңғарлары мен тоғайлы аумақтарын мекендеген. Алайда адамның шаруашылық қызметі, табиғи мекендердің тарылуы және басқа да факторлар салдарынан бұл жануар өңірден жойылып кеткен. Оны Қазақстан аумағына қайта жерсіндіру бастамасы тек жолбарысты табиғатқа жіберуді ғана емес, сонымен қатар оның өмір сүруіне қажетті экожүйені қалпына келтіруді көздейді.

Мұндай жоба жануарларды қорғаудан бөлек, орман-тоғайларды сақтау, табиғи қоректік тізбекті қалпына келтіру, ғылыми мониторинг жүргізу және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты көптеген міндетті қамтиды. Сондықтан жолбарыстың табиғат аясына жіберілуі жобаның маңызды кезеңі болғанымен, оның ұзақмерзімді нәтижесі жануарлардың жаңа ортаға бейімделуіне және тіршілік етуіне қажетті жағдайлардың сақталуына байланысты болады.

Бұдан бөлек, Президент Қазақстанның Чехия, Германия және Мажарстанмен бірлесіп, Пржевальский жылқыларын қазақ даласына қайта жерсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын да атап өтті.

Бұл бастамалардың барлығы елімізде бұрын мекендеген жануарларды тарихи табиғи ортасына қайтаруға бағытталған.

Каспий итбалықтарының саны бір миллионнан 270 мыңға дейін азайды

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде Каспий теңізінің экологиялық жағдайына ерекше назар аударды.

Президенттің айтуынша, Каспий экожүйесін сақтау халықаралық деңгейде шұғыл әрі үйлестірілген шаралар қабылдауды талап етеді. Өйткені теңіздегі табиғи өзгерістер сирек кездесетін жануарлардың тіршілігіне тікелей қауіп төндіріп отыр. Әсіресе Каспий итбалығының популяциясы алаңдаушылық туғызады.

Мемлекет басшысы келтірген мәліметке сәйкес, соңғы ғасырда бұл жануарлардың саны бір миллионнан 270 мыңға дейін қысқарған. Яғни популяция шамамен 73 пайызға азайған.

Президент Каспий теңізінің экологиялық проблемаларын шешуге қатысты бес жағалаудағы мемлекеттің ортақ жауапкершілігін еске салды.

"Таяуда Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экология саммитінде шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдауға шақырдым. Бұл нәзік экожүйеге орны толмас зиян келтіретін жағдайлардың алдын алу үшін қажет. Әсіресе, Каспий итбалығының жойылу қаупі ерекше алаңдатады. Соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Қазақстанда Каспий итбалығы сирек кездесетін және жойылу қаупі бар түрлердің қатарына ресми түрде енген. Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты осы түрді сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақырамын. Арал қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың салдары тым ауыр болатынын еске салады. Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесіндегі негізгі мәселенің бірі – Каспий теңізінің болашағы.

Каспий итбалығы тек осы су айдынында кездесетін бірегей жануарлардың бірі болғандықтан, оның популяциясының азаюы теңіздің экологиялық жағдайына қатысты маңызды белгі саналады. Теңіз деңгейінің өзгеруі, мекендеу ортасының бұзылуы, ластану және басқа да антропогендік факторлар Каспий экожүйесіне ықпал етеді.

Президенттің Арал теңізіне жасаған сілтемесі де кездейсоқ емес. Аралдың тартылуы табиғи ресурстарды пайдаланудағы қателіктердің ұзақмерзімді салдары қандай ауыр болуы мүмкін екенін көрсеткен тарихи мысалға айналды. Осыған байланысты Қазақстан Каспийдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін халықаралық деңгейде көтеріп отыр.

Мемлекет басшысы жағалаудағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты табиғи жүйелерді сақтауға бағытталған ортақ шараларды күшейтуге шақырды.