Астанада мас ер адам лифтіні қиратып, бөтен пәтерге кіріп кеткен

Бүгін, 10:38 / Ахмет Қанатұлы
Видеодан кадр: instagram.com/police__astana

Астанадағы "Айбике" тұрғын үй кешенінде мас күйдегі ер адам қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Ол лифтіні бүлдіріп, балалар арбасын құлатқан, кейін бөтен пәтерге кіріп кеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Куәгерлердің айтуынша, ер адам тұрғын үйдің кіреберісінде бұзақылық жасап, балалар арбасын құлатқан. Бұдан кейін оны дәретхана ретінде пайдалануға әрекеттенген.

Мұнымен тоқтамаған азамат басқа біреудің пәтеріне кіріп кеткен. Үй тұрғындары оны күштеп сыртқа шығарып, әрекетін тоқтатуға мәжбүр болған.

Оқиғаға байланысты Астана қаласының полиция қызметкерлері 27 және 30 жастағы екі ер адамды анықтап, ұстады.

"Екі азамат та ұсақ бұзақылық жасағаны және тұрғындардың тыныштығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды", – деп хабарлады полиция.

Сонымен қатар 30 жастағы ер адам қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде жүргені үшін де жауапқа тартылған.

Қазіргі уақытта іс материалдары тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Елордалық полиция қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтардың заң аясында жауапқа тартылатынын ескертті.

Тэгтер:

Астана