Атырау вокзалында жұмысшы бес метр биіктіктен құлады: Дәрігерлер мәлімдеме жасады

Бүгін, 11:14 / Ахмет Қанатұлы
Каска. Көрнекі фото: Manu Brabo/Getty Images

Атырау теміржол вокзалын қайта жаңғырту кезінде бес метр биіктіктен құлаған жұмысшының жағдайы өте ауыр. Ер адамға шұғыл ота жасалып, қазір жансақтау бөлімінде жатыр, деп Arasha.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқыс оқиға 15 қазанда вокзалдағы құрылыс жұмыстары барысында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшы шамамен бес метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған.

Зардап шеккен азамат шұғыл түрде Атырау облыстық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның бас миы, жұлын миы және омыртқасы зақымданғанын анықтап, қажетті хирургиялық операция жасаған.

Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері Ербол Иманғалиев науқастың қазіргі жағдайына қатысты ақпарат берді.

"Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр. Кеше тиісті ота жасалды. Қазіргі уақытта оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр", – деді Ербол Иманғалиев.

Оқиғадан кейін Атырау станциясындағы көлік полициясы бөлімі еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.

Сонымен қатар еңбек инспекциясы жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылатынын хабарлады.

Қазіргі уақытта жұмысшының биіктіктен құлауына нақты не себеп болғаны анықталып жатыр.

Тэгтер:

атырау