2027 жылғы діни күндер кестесі бекітілді: Ораза қашан басталады?

Бүгін, 16:19 / Ахмет Қанатұлы
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2027 жылға арналған діни күндер күнтізбесін бекітті. Жаңа кестеге сәйкес, келесі жылы қасиетті Рамазан айы 8 ақпанда басталады, деп хабарлайды Arasha.kz.

ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі жариялаған күнтізбеге сәйкес, 2027 жылы мұсылмандар 8 ақпаннан бастап ораза ұстайды. Рамазан айы 8 наурызда аяқталады.

Ал Ораза айт мерекесі 9 наурызға сәйкес келеді.

2027 жылы Қадір түні қашан болады?

Мұсылман қауымы үшін ерекше маңызға ие Қадір түні 2027 жылы 5 наурыздан 6 наурызға қараған түнге сәйкес келеді.

Қадір түні ислам дінінде қасиетті түндердің бірі саналады. Бұл түні мұсылмандар құлшылық жасап, дұға тілеп, кешірім сұрайды.

Құрбан айт қай күндері өтеді?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының күнтізбесіне сәйкес, 2027 жылғы Құрбан айт мерекесі 16 мамырда басталып, 18 мамырға дейін жалғасады.

Құрбан айт – мұсылман әлеміндегі маңызды діни мерекелердің бірі. Бұл күндері мұсылмандар құрбандық шалып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, ағайын-туыспен қауышады.

Діни мерекелердің күндері өзгеруі мүмкін

ҚМДБ мәліметінше, хижри күнтізбедегі айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының есептеулеріне сүйене отырып белгіленген.

Дегенмен жаңа айдың көрінуіне байланысты діни мерекелердің нақты күндері бір күнге алға немесе кейін жылжуы мүмкін.

Сондықтан мұсылман қауымына Рамазан айы жақындағанда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми хабарламаларын назарда ұстау ұсынылады.

Тэгтер:

ораза