Қазақстанда eGov Mobile қосымшасына отбасының әлеуметтік жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін жаңа қызмет қосылды. Оның көмегімен азаматтар мемлекеттік көмек алу кезінде ескерілетін көрсеткіштермен таныса алады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа сервис 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік әлеуметтік көмектерді отбасының нақты жағдайы мен мұқтаждығына қарай тағайындау тәртібіне көшуге байланысты іске қосылған.
Калькулятор азаматтарға отбасының әл-ауқат деңгейін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
Отбасының жағдайы қалай бағаланады?
Жаңа жүйеде отбасының тек табысы мен мүлкі ғана есепке алынбайды. Сонымен қатар оның әлеуметтік жағдайына әсер ететін басқа да факторлар қарастырылады.
Атап айтқанда, отбасы мүшелерінің саны, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар азаматтардың болуы ескеріледі.
"Калькулятор арқылы азаматтар отбасының әл-ауқатын бағалау талаптарымен танысып, отбасының саламаттылық деңгейін анықтай алады", – делінген министрлік хабарламасында.
Бағалау алты бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткіш негізінде жүргізіледі.
Калькулятор нәтижесі жәрдемақыға әсер ете ме?
Министрлік жаңа сервистің нәтижесі әлеуметтік төлемдерді тағайындау немесе тоқтату үшін негіз болмайтынын түсіндірді.
"Айта кетерлігі, есеп адамның өзі енгізген мәліметтер негізінде жүргізіледі және тек ақпараттық сипатқа ие. Яғни калькулятордың нәтижесі әлеуметтік төлем тағайындау немесе оны тоқтату туралы шешім болып саналмайды", – деп хабарлады ведомство.
Демек, калькулятор отбасының әлеуметтік жағдайын алдын ала бағалауға арналған. Ал мемлекеттік көмекті тағайындау мәселесі қолданыстағы заңнама мен тиісті рәсімдерге сәйкес шешіледі.
Жаңа қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді.