Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пхеньянда өткен киім-кешек пен аяқкиім көрмесіне қатысты. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында оның шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, комаға түскені туралы ақпарат тараған еді, деп хабарлайды Arasha.kz.
20 қазанда Кореяның орталық телеграф агенттігі (ЦТАК) Ким Чен Ынның 19 қазанда Пхеньянда ұйымдастырылған жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көрмесіне барғанын хабарлады.
Агенттік мәліметінше, Солтүстік Кореяда киім-кешек пен аяқкиімнің жалпымемлекеттік көрмесі жыл сайын қазан айында өткізіледі.
Ким Чен Ын көрменің ұйымдастырылу деңгейіне оң баға беріп, биылғы іс-шараның өткен жылмен салыстырғанда ауқымы, мазмұны және дайындық деңгейі жағынан айтарлықтай жақсарғанын атап өткен.
Ким Чен Ынның комаға түскені туралы ақпарат тараған
Бұған дейін британдық The Sun таблоиды Солтүстік Корея басшысының денсаулығына қатысты ақпарат жариялаған еді.
Басылымның мәлімдеуінше, Ким Чен Ын қатты қан кету салдарынан шұғыл медициналық көмек алу үшін Қытай астанасы Бейжіңдегі ауруханаға жеткізілген болуы мүмкін.
Сондай-ақ материалда Солтүстік Корея басшысының комаға түскені туралы болжам айтылған.
Алайда бұл мәліметтер ресми түрде расталған жоқ.
Ал 20 қазанда Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігі Ким Чен Ынның Пхеньяндағы көрмеге қатысқаны туралы хабарлап, оның фотосуреттерін жариялады.