АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтату үшін Ресей президенті Владимир Путин мен Украина басшысы Владимир Зеленскийдің бетпе-бет кездесуі міндетті емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, тараптар тікелей жүздеспей-ақ келісімге келе алады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл туралы Дональд Трамп журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында айтты. Ақ үй әңгімелесудің тікелей көрсетілімін ұйымдастырған.
АҚШ басшысынан Украинадағы қақтығысты реттеу үшін Путин мен Зеленскийдің жеке кездесуі қажет пе деп сұраған.
Трамп мұндай кездесуді бейбіт келісімге қол жеткізудің міндетті шарты деп санамайтынын жеткізді.
"Олардың міндетті түрде бір бөлмеде отыруы шарт емес. Менің ойымша, олар мұны басқа жолмен де жүзеге асыра алады. Екеуіне бір бөлмеде отыру қиын. Мен үшін келісімге қалай қол жеткізілетіні маңызды емес", – деді АҚШ президенті.
Дональд Трамп Украинадағы соғыстың адам шығынына да тоқталды. Оның айтуынша, соғыс салдарынан қаза тапқан сарбаздар туралы хабарламалар алаңдаушылық туғызады.
Ақ үй басшысы бұдан былай ондаған мың әскери қызметкердің қаза болғаны туралы мәліметтерді көргісі келмейтінін айтты.