Республика күніне арналған жеңіл жатталатын өлеңдер топтамасы

Бүгін, 15:32 / Ахмет Қанатұлы
Қазақстанның туы. Көрнекі фото: pixabay.com

25 қазан – Қазақстанда Республика күні аталып өтеді. Ұлттық мерекеге орай балабақшалар мен мектептерде ертеңгіліктер, тәрбие сағаттары, мерекелік концерттер және мәнерлеп оқу байқаулары ұйымдастырылады. Осыған байланысты Arasha.kz балаларға арналған қысқа тақпақтар мен Отан, туған жер, тәуелсіздік туралы патриоттық өлеңдер топтамасын ұсынады.

Республика күні қандай мереке?

Қазақстанда Республика күні жыл сайын 25 қазанда тойланады. Бұл күннің тарихи маңызы ерекше. Өйткені 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды.

Аталған құжат Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқан маңызды тарихи шешімдердің бірі болды.

2022 жылы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайта берілді. Содан бері 25 қазан ел көлемінде кеңінен атап өтіліп келеді.

Бұл мереке балаларға Отанды сүюдің, мемлекеттік рәміздерді құрметтеудің және ел тарихын білудің маңызын түсіндіруге жақсы мүмкіндік береді.

Республика күніне арналған өлеңдер

 

Арыстандай айбаттым. 

Жолбарыстай қайраттым, 

Аспандаған байрақтың 

Қанша жұлдыз жайнаттың. 

Қанша бұлбұл сайраттың, 

Қазақстан ардақтым. 

Күнді құшқан қос қыран, 

Аясында қалқыған. 

Аспан түсті туым бар, 

Көк теңіздей шалқыған.

***

Көк туым көтерілді бағым жанып, 

Елтаңбам әлемге танылды анық. 

Шырқадым ән ұранды бар дауыспен, 

Арманым ата заңым қабылданып. 

***

Өзіңдікі туыңда, 

От пен ауа, суың да. 

Жаса Қазақстаным, 

Белді бекем буып ап.

***

Байтақ дала жерім менің,

Арта берсін даңқың сенің.

Көк байрағың желбіресін

Егеменді елім менің!

***

Кенге толы қойнауы,

Төлге толы жайлауы

Ол - біздің Қазақстан!

Анамыздай тілеуі ақ,

Отан бізде біреу-ақ,

Ол біздің Қазақстан!

***

Көгінде күн нұрын төккен,

Жерінде гүл жұпар сепкен.

Неткен сұлу, неткен көркем,

Осы менің туған өлкем!

***

Ақжайық, Алтай арасы,

Қазақтың шалқар даласы

Республикама қарашы!

Жерімнің дәні маржандай,

Қырманы асқар таулардай

Республикама қарашы!

***

Жақсылар жанын қиды қасіретпен, 

Алаштың ерлері бар асыл өткен. 

Арманым болмас еді-ау туған елім, 

Гүл жайнап, қазақ болып тасып өтсем.

Өр елім, маңдайыңнан жарық көрдім, 

Бабалар өнегесін алып келдім. 

Ескерткіш Елім үшін орнатпасам, 

Мына жалған өмірге неғып келдім?!

Рухынан жақсылардың нұр саулаған, 

Жанымды мейірімі құрсаулаған. 

Жайсаң өлке, жайдары Қазақстан, 

Шуақ шашқан сәулелі күнсің маған! 

Нұрына шомылдырып алтын күннің, 

Республикам ертеңге талпындырдың. 

Өзінен шабыт алып ақын қиял, 

Шалықтап кең далада шалқып жүрмін. 

Егемен елім десем, сенім кіріп, 

Бойымды билеп кетер сенімділік. 

Ешкімге ауыстырмас алтын Отан, 

Жырлаймын қасиетіңді төгілдіріп. 

Жарқырап жанған күндей азаттығы, 

Көрінер ұлтымның да ғажаптығы. 

Республика күнімен құттықтаймын, 

Өйткені ол - Ұлт күні, Қазақ күні!

***

Республика күнінде

Жарқырай түс, жайнай түс,

Республика күнінде.

Шаттық әуен байқалсын,

Қуанышты үніңде.

Мерекені тойлайық,

Қазағым боп біз бірге.

Бірлігіміз жарассын,

Ынтымақты елімде.

Арайлы атсын таңымыз,

Шуақ шашып, күн күліп.

Егеменді ел тойласын,

Мерекені бір жүріп.

***

Республика күнімен құттықтаймын,

Егеменді, тәуелсіз қазақ елін.

Тыныштығың сақталып, қуанышың,

Жарқырай бер, жайнай бер ғажап елім.

Қуанышың, шаттығың сарқылмасын,

Азаттықтың ақ таңы күлім қағып.

Егеменді еліміз мәңгі болсын,

Тәуелсіздік тұғыры жымың қағып.

Ортаймасын ынтымақ, бірлігіміз,

Сыйластықта жүрейік әрбір қазақ.

Республика күнін бұл тойлайық бір,

Елімізде болып әр іс бәрі ғажап.

***

Көгінде күн нұрын төккен,

Жерінде гүл жұпар сепкен.

Неткен сұлу, неткен көркем,

Осы менің туған өлкем!

Алтын дәнді даласы бар,

Ақ күмістей қаласы бар.

Неткен сұлу, неткен көркем,

Осы менің туған өлкем!

Ер еңбегі шалқып, тасқан.

Ел еркіндей бақыт тапқан.

Неткен сұлу, неткен көркем,

Осы менің туған өлкем!

***

Бір жағадан шығып бас,

Ал бір жеңнен шықсын қол.

Республика күнінде,

Болсын дәйім ашық жол.

Ел бірлігі мықты боп,

Анық болсын оң мен сол.

Тыныш болып еліміз,

Несібеміз болсын мол!

Тэгтер:

Республика күні республика республика күніне өлеңдер отан туралы өлең туған жер туралы өлең