11 жыл бұрын тиімсіз болған Ақтоғай зауытына енді неге 1,8 млрд доллар жұмсалмақ?

Бүгін, 11:58 / Ахмет Қанатұлы
Фото: facebook.com/zhanat.nurgaliev

Экономист Жанат Нұрғалиев Абай облысында құрылысы басталған құны 1,8 миллиард долларлық Ақтоғай мыс балқыту зауытының тарихына назар аударды. Оның айтуынша, KAZ Minerals компаниясы бірнеше жыл бұрын Қазақстанда мұндай кәсіпорын салуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп есептеген. Алайда араға жылдар салып, сол жобаны жүзеге асыруға кірісті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Экономист бұл мәселені әлеуметтік желідегі парақшасында көтеріп, зауыт құрылысының неліктен ұзаққа созылғанына және жаңа тарифтік саясаттың жобаға ықтимал әсеріне қатысты сұрақтарын жариялады.

20 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысына ресми түрде старт берді.

KAZ Minerals компаниясы жүзеге асыратын жобаға шамамен 1,8 миллиард доллар инвестиция құйылады. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруге тиіс. Ал алғашқы өнімді 2030 жылы шығару жоспарланған.

Зауытта мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі.

"Бұрын бұл зауытты салудың еш мәні жоқ деп есептеген"

Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, Ақтоғайда мыс балқыту кәсіпорнын салу идеясы алғаш рет көтеріліп отырған жоқ.

2015 жылғы наурызда KAZ Minerals қытайлық Baiyin Nonferrous Group компаниясымен бірлесіп, Ақтоғай мен Бозшакөл кен орындарынан алынатын мыс концентратын Қазақстанда өңдеу мүмкіндігін қарастыра бастаған. Алайда 2017 жылы компания жобаны жалғастырудан бас тартқан. Оны зерттеуге жұмсалған 16 миллион доллар есептен шығарылған.

Ал 2018 жылғы қаңтарда KAZ Minerals басшыларының бірі Олег Новачук Kapital.kz басылымына берген сұхбатында Қазақстанда жаңа мыс балқыту зауытын салудың тиімсіз екенін түсіндірген.

Ол кезде Новачук жобаның құны мен экономикалық нәтижесі зерттелгеннен кейін қосымша зауыт салудың қажеттілігі жоқ деген қорытындыға келгендерін айтқан.

Мұндай шешімге Қытайдағы бос өндірістік қуаттардың болуы әсер еткен. Сондай-ақ мыс балқыту процесінде түзілетін күкірт қышқылын өткізу мәселесі де кәсіпорын құрылысына кедергі ретінде қарастырылған.

Экономист осы жағдайларды еске салып, бұрын тиімсіз деп бағаланған жобаға компанияның қайта оралу себебін түсіндіру қажет деп есептейді.

Зауыттың құны 300 миллион долларға өскен

2024 жылғы маусымда KAZ Minerals Қазақстанда мыс балқыту кәсіпорнын салу жоспарына қайта оралды.

Сол кездегі мәлімет бойынша, жоба құны 1,5 миллиард доллар деп бағаланып, зауытты 2028 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған.

Алайда 2026 жылғы қазанда құрылыстың басталуына орай жарияланған ресми ақпаратта инвестиция көлемі 1,8 миллиард долларға жеткені белгілі болды. Ал алғашқы өнімді шығару мерзімі 2030 жылға белгіленді.

Осылайша, бастапқы жоспармен салыстырғанда жобаның құны 300 миллион долларға ұлғайған, ал өндірісті бастау мерзімі кейінге шегерілген.

"Әрине, осы уақыт ішінде технологиялар, мыс нарығы, күкірт қышқылына сұраныс және экономикалық жағдай өзгеруі мүмкін. Бірақ компанияның нақты түсініктемесін көргіміз келеді: бұрын тиімсіз болған жобаны 1,8 миллиард долларлық инвестицияға айналдырған қандай факторлар?" – деген сауал көтерді экономист.

Экономист жаңа тариф әдістемесіне назар аударды

Жанат Нұрғалиевтің назарын аударған тағы бір мәселе – зауыт құрылысы басталған күні мыс концентратын өңдеуге қатысты жаңа тариф әдістемесінің бекітілгені туралы хабарлама.

Экономистің айтуынша, 20 қазанда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мыс концентратын өңдеу тарифін есептеудің жаңа тәртібі туралы мәлімдеген.

Жарияланған ережелерге сәйкес, тарифті қалыптастыру кезінде кәсіпорынның өндірістік шығындары, нормативтік пайдасы және инвестициялық шығыстары ескеріледі. Бұған өндірісті жаңғырту және жаңа қуаттарды салуға жұмсалатын қаражат та кіруі мүмкін.

Нұрғалиев мұндай тәсіл металлургиялық кәсіпорындарға салынған инвестицияның қайтарымын болжауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Дегенмен ол жаңа әдістеме мен Ақтоғай жобасының бір күнде жариялануы олардың арасында тікелей байланыс барын дәлелдемейтінін де ескере отырып, тарифтік өзгерістер кімдерге тиімді болуы мүмкін деген мәселені көтерді.

"Жаңа әдістеме кімге тиімді?"

Экономистің пікірінше, жаңа тарифтік саясат металл өңдеуге инвестиция салатын компаниялар үшін маңызды болуы ықтимал. Себебі тарифті есептегенде жаңа өндіріс орындарын салуға кеткен шығындарды ескеру инвесторлардың қаржылық тәуекеліне әсер етуі мүмкін.

Осы тұрғыдан алғанда, KAZ Minerals те мұндай тетіктің ықтимал пайдасын көретін компаниялардың бірі болуы мүмкін деген болжам жасалды. Алайда Ақтоғай зауытының жаңа тариф әдістемесінен нақты қандай қаржылық пайда алатыны, бұл ереженің жобаға қалай қолданылатыны жөнінде есеп ұсынылған жоқ.

Сондықтан аталған пікірді экономистің талдауы ретінде қарастырған жөн.

"Неліктен шешім қабылдауға 11 жыл қажет болды?"

Жазбасының соңында Жанат Нұрғалиев KAZ Minerals директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачукқа сауал жолдады.

Экономист Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар кәсіпорынның құрылысы неліктен сонша уақыт талқыланып келгенін түсіндіруді сұрады. Оның пікірінше, компания жобаның бұрын тиімсіз деп танылуынан бастап қазіргі шешімге дейін қандай экономикалық өзгерістер болғанын ашық көрсетуі керек.

Ақтоғай мыс балқыту зауыты Қазақстанда мыс концентратын терең өңдеуге және дайын металл өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Дегенмен экономист көтерген негізгі мәселе – жобаның қажеттілігі емес, оған қатысты инвестициялық шешімдердің қалай қабылданғаны және мемлекеттің жаңа тарифтік саясатының ықтимал әсері.

Әзірге KAZ Minerals компаниясының Нұрғалиевтің осы сауалдарына берген жауабы туралы ақпарат жоқ.

Тэгтер:

Жанат Нұрғалиев