Алматыда жаппай ауруханаға түскен 58 оқушының жағдайы белгілі болды

Бүгін, 12:41 / Ахмет Қанатұлы
Аурухана. Көрнекі фото: pexels.com

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде (РФММ) жаппай сырқаттанған 58 оқушының барлығы ауруханадан шығарылды. Балалар қажетті ем қабылдап, медициналық мекемедегі емдеу курсын аяқтаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл ақпаратты Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы растады.

Ведомство мәліметінше, 12 қазаннан бастап мектеп оқушылары ішек инфекциясына ұқсас белгілермен медициналық көмекке жүгінген. Олардың 58-і қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.

Дәрігерлер балаларға қажетті медициналық көмек көрсетіп, бекітілген клиникалық хаттамаларға сәйкес ем жүргізген.

"2026 жылғы 12 қазаннан бастап барлығы 58 бала стационарға жатқызылды. Дәрігерлер оларға қажетті медициналық көмек көрсетіп, клиникалық хаттамаларға сәйкес ем жүргізді. Қазіргі уақытта ауруханаға жатқызылған балалардың барлығы ауруханадан шығарылды", – делінген басқарма хабарламасында.

Оқушылардың жаппай сырқаттануына не себеп болды?

Еске салайық, 12-14 қазан аралығында Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы денсаулығының нашарлауына байланысты ауруханаға жеткізілген болатын.

Балалардан ішек инфекциясына тән белгілер байқалған. Кейін медициналық мекемеге түскен оқушылар саны көбейіп, 58-ге жетті.

Оқиғадан кейін білім беру мекемесі уақытша қашықтан оқыту форматына көшкен.

Алайда Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оқушылардың нақты қандай ауруға шалдыққанын және жаппай сырқаттануға не себеп болғанын әзірге жариялаған жоқ.

Сондықтан оқиғаның мектеп асханасындағы тағамнан болғаны ресми түрде нақтыланбаған.

Барлық оқушы ауруханадан шығарылды

22 қазандағы мәлімет бойынша, медициналық мекемеде ем қабылдаған 58 баланың барлығы үйлеріне жіберілген.

Дегенмен балалардың сырқаттану себебіне қатысты тексерудің қорытындысы туралы қосымша ақпарат берілмеді.

Сондай-ақ мектептің дәстүрлі оқу форматына қашан толық оралатыны жөнінде мәлімет нақтыланбаған.

Тэгтер:

алматы аурухана