Алматыдағы Esentai City тұрғын үй кешенінде жарылыс болды: Екі бала зардап шекті

Бүгін, 15:45 / Ахмет Қанатұлы
Видеодан кадр: instagram.com/aidos.tru

Алматыдағы Esentai City тұрғын үй кешенінде газ-ауа қоспасы жарылып, екі кәмелетке толмаған бала жарақат алды. Оқиға салдарынан бірнеше пәтерге зақым келгені айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға 22 қазанда Алматы қаласының Медеу ауданында орналасқан Esentai City тұрғын үй кешенінде болған.

Әлеуметтік желілерде жарылыс болған жерден түсірілген бейнежазбалар тарады. Тұрғындардың айтуынша, қатты жарылыстан кейін үш пәтерге зақым келген.

Алматы қаласының әкімдігі төтенше жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.

Жарылыс неден болған?

Әкімдік мәліметінше, Қаппаров көшесіндегі үш қабатты тұрғын үйде газ бен ауа қоспасы жарылған. Алдын ала болжам бойынша, оқиғаға табиғи газдың сыртқа шығуы себеп болуы мүмкін.

Кейбір мәліметтерде газдың ғимараттың жертөлесінен шыққаны айтылған. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Жарылыстан кейін өрт тұтанбаған.

Екі бала жарақат алды

Қалалық әкімдік жарылыс кезінде екі кәмелетке толмаған баланың зардап шеккенін растады.

Балалар жеңіл жарақат алған. Оқиғадан кейін оларды медициналық қызметкерлер тексеріп, қажетті көмек көрсеткен.

"Оқиғадан екі кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алды. Дәрігерлер оларды тексеріп, қажет медициналық көмек көрсеткен соң үйіне жіберді. Балаларды ауруханаға жатқызу қажет болмаған", – делінген әкімдік хабарламасында.

Тэгтер:

алматы жарылыс