Қытайда жойқын жер сілкінісі болды: 16 адам қаза тауып, ондаған тұрғын жарақат алды

Бүгін, 11:16 / Ахмет Қанатұлы
Видеодан кадр: x.com/Osint613

Қытайдың Тибет автономиялық ауданында күшті жер сілкінісі болып, адам шығыны тіркелді. Табиғи апат салдарынан кемінде 16 адам көз жұмып, ондаған тұрғын түрлі жарақат алған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жер сілкінісі 22 қазан күні жергілікті уақытпен сағат 22:33 шамасында болған. Жерасты дүмпулерінің ошағы Тибет автономиялық ауданындағы Нагчу қаласына қарасты Бачен уезінде орналасқан.

Еуропалық-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы зілзаланың магнитудасын 7,1 деп бағаласа, Қытайдың сейсмологиялық орталығы 7,0 магнитудасын тіркеген. Жер сілкінісінің ошағы шамамен 10 шақырым тереңдікте орналасқан. 

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны артты

Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігінің мәліметінше, табиғи апаттан 16 адам қаза тапқан. Кейінгі ақпарат бойынша, жарақат алғандардың саны 65 адамға жеткен. Бұған дейін 46 адамның зардап шеккені, олардың 11-інің ауыр жарақат алғаны хабарланған. 

Жер сілкінісінен елді мекендердегі тұрғын үйлерге айтарлықтай зақым келген. Ресми деректерге сәйкес, 339 отбасының баспанасы қираған немесе бүлінген.

Күшті дүмпулер кезінде тұрғындар үйлерінен сыртқа шығып, қауіпсіз жерлерді паналауға мәжбүр болған. Әлеуметтік желілерде табиғи апаттан кейінгі жағдай бейнеленген видеолар тарады.

Апат аймағында құтқару жұмыстары жүріп жатыр

Жергілікті билік зардап шеккен аудандарда іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастырған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметкерлері, полиция мен медицина мамандары жұмылдырылды.

Құтқарушылар қираған және зақымданған ғимараттарды тексеріп, тұрғындарды қауіпсіз аумақтарға көшіруде. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 12 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге эвакуацияланған.

Сейсмологтар негізгі жер сілкінісінен кейін жүздеген қайталама дүмпу тіркеген. Мамандар өңірдегі сейсмикалық жағдайды бақылауды жалғастыруда. 

Тэгтер:

Қытай жер сілкінісі