Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, 25 қазанның ел тарихындағы орнына тоқталды.
Мемлекет басшысы 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанын және бұл оқиға тәуелсіздікке бастар маңызды кезең болғанын атап өтті.
«Дәл сол күні ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды. Көп ұзамай өз алдына дербес ел атандық. Тарихи әділдік орнап, қасиетті қазақ жеріне Тәуелсіздіктің алтын қазығы қағылды», – деді Президент.
Тоқаев Республика күнін қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруымен байланысты тарихи мереке ретінде бағалады.
Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді атады
Президент егемендік алғаннан кейін Қазақстанның мемлекеттік институттары қалыптасып, елдің халықаралық аренадағы орны айқындалғанын айтты.
Оның сөзінше, осы кезеңде мемлекеттік рәміздер бекітіліп, ұлттық қаржы жүйесі құрылып, мемлекеттік шекара белгіленді.
«Ұлттық болмысымыздың мызғымас нышандары – мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Көк Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Сарыарқаның төрінде жаңа астананың бой көтеруін де тәуелсіздік жылдарындағы маңызды оқиғалардың бірі ретінде атады.
«Қасиетті Сарыарқаның төрінде, бұрынғы ескі қаланың орнында бүкіл дүние жүзін таңғалдырған, әлем мойындаған жаңа елордамыз – Астананың іргесі қаланды», – деді Президент.
«Бірлігімізді бекемдедік»
Тоқаев Қазақстанның дамуында қоғамдық келісім мен ел бірлігінің ерекше рөл атқарғанына назар аударды.
«Біз бірлігімізді бекемдеп, жер жүзіне бейбітшілік бесігі ретінде танылдық», – деді Мемлекет басшысы.
Президент биылғы Республика күні Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында аталып өтіп жатқанын атап өтті.