Алматы облысында қаза тапқан полицейдің қарындасы мәлімдеме жасады

Бүгін, 14:29 / Ахмет Қанатұлы
Фото: ашық дереккөзден

Алматы облысында қаза тапқан полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің қарындасы төрт ай бойы үнсіз келген отбасының енді өз ұстанымын ашық білдіретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, ағасының өліміне қатысты тергеу аяқталып, алғашқы сот отырысы өткен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Марқұмның қарындасы әлеуметтік желідегі парақшасында ағасынан айырылғаннан кейінгі төрт айдың отбасы үшін өте ауыр болғанын жазды.

Оның сөзінше, осы уақыт аралығында Аслан Әлсеров туралы түрлі ақпарат тараған. Алайда жақындары көпшілік алдында пікірталасқа араласпай, тергеудің аяқталуын күткен.

"4 ай өтті… Ағамнан айырылудың ауыр қайғысын көтеру қандай қиын екенін білсеңіздер ғой…" – деп жазды ол.

Марқұмның қарындасы ағасының отбасындағы қарым-қатынасына қатысты әлеуметтік желілерде айтылған айыптауларға да жауап берді. Оның айтуынша, отбасының ұзақ уақыт бойы ешқандай мәлімдеме жасамауы бұл сөздерді мойындағанын білдірмейді.

"Біздің үнсіздігіміз – ағамызды "әйелін, баласын ұрған" деген сөздермен қаралауға келіскеніміз емес. Біз ешкіммен сөз таластырып, эмоцияға берілгіміз келмеді. Әділдікке сеніп, тергеудің аяқталуын күттік", – деп жазды ол.

Осылайша, марқұмның жақындары Аслан Әлсеровке қатысты айтылып жүрген пікірлермен келіспейтінін жеткізді. Алайда оның жазбасындағы мәлімдемелер соттың анықталған қорытындысы емес, марқұм отбасының ұстанымы екенін ескерген жөн.

Аслан Әлсеровтің қарындасы қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, сот процесі басталғанын хабарлады. Ол бұдан былай отбасының оқиғаға қатысты білетін мәліметтерімен көпшілік алдында бөлісуге ниетті екенін айтты.

"Міне, тергеу аяқталды. Алғашқы сот отырысы да өтті. Енді біз де үнсіз қалмаймыз. Осы уақытқа дейін ішімізге бүгіп келген үнсіздікті, бар шындықты бөлісетін боламын!" – делінген жазбада.

Тэгтер:

алматы қайғылы жағдай