Ақмола облысында 77 жылқының жоғалуына байланысты әкесі мен баласы ұсталды. Келтірілген шығын 25 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға Ерейментау ауданында болған. Биыл мамыр айында полицияға еркін жайылымда жүрген 77 жылқының із-түзсіз жоғалғаны туралы арыз түскен. Мал иесіне келтірілген материалдық шығын 25,4 миллион теңгеге бағаланған.
Құқық қорғау органдары бірнеше ай бойы жоғалған жылқыларды іздестірген. Жедел уәкілдер бұрын мал ұрлығы үшін сотталған азаматтарды тексеріп, ет сататын базарлар мен мал өткізуі мүмкін орындарды бақылауға алған.
Жүргізілген жедел іздестіру шаралары нәтижесінде Степногорск қаласында тұратын әкесі мен баласы күдікке ілінді.
Тергеудің алдын ала мәліметінше, күдіктілер көктемде Ерейментау ауданындағы жайылымнан жылқы табынын айдап әкетіп, Степногорск қаласына жеткізген. Кейін төрт түлікті қала сыртындағы қораларға жасырып, біртіндеп сатып отырған деген болжам бар.
Полицейлер іздеу барысында ұрланған малдың 40-тан астамын тірідей тауып, заңды иесіне қайтарды. Қалған жылқылардың тағдыры туралы әзірге нақты ақпарат жарияланған жоқ.
Қазіргі уақытта әкесі мен баласы қамауға алынды. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталады.