18 жастағы қыз аттракционнан құлап көз жұмды

Бүгін, 18:50 / Альфия Адамбек
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Мексиканың Кабо-Сан-Лукас қаласында жәрмеңкеге барған 18 жастағы қыз аттракционнан құлап, қайтыс болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы жағдай 20 қазанда болған. Демалуға келген бойжеткен аттракционда отырған кезде қауіпсіздік бекіткіші ашылып кеткені хабарланды.

Оқиғаның видеосында қыз отырған орындықтың қорғаныш тетігі жоғары көтеріліп, артынша оның жерге құлағаны көрінеді. Алайда бекіткіштің неліктен ашылғаны және оған не себеп болғаны әзірге белгісіз.

Ауыр жарақат алған бойжеткен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің көмегіне қарамастан, ол келесі күні таңға жуық көз жұмған.

Оқиғаға байланысты тергеу басталды. Тексеру барысында аттракционның техникалық жағдайы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы анықталуға тиіс.

Алдын ала мәліметке сәйкес, аттракцион қайғылы оқиғадан төрт күн бұрын ғана тексерістен өткен. Соған қарамастан, адам өліміне әкелген жағдайдың қалай болғаны әзірге анықталған жоқ. Техникалық тексерістің нәтижелері мен апаттың нақты себебі туралы қосымша ақпарат берілмеген.

Тэгтер:

бойжеткен Мексика марқұм