Павлодарда тіс дәрігерінің қабылдауынан кейін жағдайы нашарлаған қыз бала жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
"Осы кезде стоматолог процедураны тоқтатпай, жұмысын жалғастыра берген. Анасы бірдеңенің дұрыс емес екенін айтып айқайлаған кезде дәрігер “өтіп кетеді” деп жауап берген. Кабинетте шұғыл көмек көрсетуге арналған қобдиша болмаған. Әпкемнің 103 нөміріне қоңырау шалуды сұрап айқайлағанына да ешкім мән бермеген. Әпкем жылағаннан кейін ғана көрші кабинеттегі медбике жедел жәрдем шақырған. Бала есінен танып, аузынан көбік шыққан. Ал дәрігер медициналық көмек көрсетпей, шетке кетіп қалған және балаға көмектесуге тырыспаған. Соның салдарынан уақыт жоғалттық", – деп жазды қыздың туысы.
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2023 жылы туған қыз бала 21 қазанда облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Ол бірден аса ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазір бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, оған қарқынды ем жүргізіліп жатыр.