Түркияның Стамбұл қаласында 26 жастағы Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханова биіктен құлап, көз жұмды. Қайғылы оқиға 25 қазан күні таңертең болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, оқиға сағат 08:00 шамасында Стамбұлдың Шишли ауданындағы Эргенекон орамында тіркелген.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, қазақстандық бойжеткен алтыншы қабаттағы пәтердің балконынан көрші ғимараттың шатырына өткен. Ол шатырдың ортасына қарай жүріп, төменгі қабаттардың үстін жауып тұрған қалқаға шыққан. Алайда қалқа салмаққа шыдамай, опырылып кеткен.
Салдарынан бойжеткен ғимараттың екінші қабатына құлап, ауыр жарақат алған. Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері жеткенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Марқұмның денесі өлімнің нақты себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Қазіргі уақытта Түркияның құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Таратылған мәліметке сүйенсек, Айсұлу Бекмаханова Түркияға биыл қыркүйек айында визасыз тәртіппен барған. Алдын ала ақпарат бойынша, ол Стамбұлға Ресей азаматымен бірге келіп, екеуі бір пәтерде тұрған.