Белгілі айтыскер ақын, Мәжілістің бұрынғы депутаты Ринат Зайыт Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығын басқаратын болды. Экс-депутат жаңа қызметіне не себепті келіскенін түсіндірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ринат Зайыт бұл туралы Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, жаңа қызметіне 2026 жылдың қазан айының басында кіріскен. Оған Қорғаныс министрі ұсыныс жасап, әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстарды басқаруға шақырған.
Бұрынғы депутат жаңа қызметінің негізгі міндеттеріне де тоқталды. Ол басқаратын орталық әскери қызметшілер мен жастар арасында отансүйгіштік құндылықтарды насихаттаумен, сондай-ақ мәдени іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады.
"Қазан айының басында жаңа Қорғаныс министрінің шақыруымен Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық әскери-патриоттық орталыққа келдім. Орталық құрамында әскери ансамбль мен оркестр бар. Сондай-ақ патриоттық және мәдени іс-шараларды ұйымдастырады", – деді Ринат Зайыт.
Орталықтың қызметі тек мәдени бағдарламалар өткізумен шектелмейді. Мекеме әскери қызметшілердің рухани тәрбиесіне, әскерге шақырылатын жастардың патриоттық санасын қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жұмыстарды да жүзеге асырады.
Ринат Зайыттың айтуынша, оның бұл қызметті таңдауына Қазақстанның қорғаныс саласында басталған өзгерістер де ықпал еткен. Экс-депутат армияны жаңғырту жұмыстарына қатысып, өз тәжірибесі мен мүмкіндігін осы бағытта пайдаланғысы келетінін жеткізді.
"Соңғы оқиғалардан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс саласында түбегейлі өзгерістер жүргізуді тапсырды. Бұл реформалар басталып та кетті. Мен өзгерістерге қатысқанды ұнататын адаммын. Сондықтан бұл қызметке үлкен қуанышпен келістім. Осы реформаға аз да болса үлес қоссам деген арманмен келдім", – деді ол.
Айтыскердің пікірінше, әскердегі өзгерістер тек қару-жарақ пен әскери техниканы жаңартумен шектелмеуі тиіс. Әскери қызметшілердің бойында жауапкершілік, тәртіп және Отанға деген сүйіспеншілік қалыптастыру да маңызды.
Айта кетейік, Ринат Зайыт 2023-2026 жылдары VIII шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Ол парламенттегі қызметі барысында әлеуметтік мәселелерге, ұлттық мәдениетке және жастар тәрбиесіне қатысты тақырыптарды көтеріп жүрген.