"Қайратты" Чемпиондар лигасына шығарған Рафаэль Уразбахтин қызметінен кетті

Бүгін, 15:43 / Ахмет Қанатұлы
Рафаэль Уразбахтин. Фото: Данияр Ахметов / "Қайрат" ФК-ның баспасөз қызметі

Алматылық "Қайрат" футбол клубында күтпеген кадрлық өзгеріс болды. Команданы тарихи жетістіктерге жеткізген бас бапкер Рафаэль Уразбахтин өз еркімен қызметінен кету туралы шешім қабылдады. Клуб басшылығы оның өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы 26 қазанда "Қайрат" футбол клубының ресми Instagram парақшасында жарияланды. Мәлімдемеге сәйкес, Рафаэль Уразбахтин бас бапкер қызметінен өз бастамасымен кеткен.

Клуб әзірге маманның мұндай шешім қабылдауына нақты не себеп болғанын түсіндірген жоқ.

Рафаэль Уразбахтин "Қайраттың" негізгі құрамын 2024 жылдың қыркүйегінде тізгіндеген болатын. Ол алғашқы маусымының өзінде команданы Қазақстан чемпионы атандырып, жанкүйерлер сеніміне ие болды.

2025 жыл алматылық клуб үшін ерекше табысты өтті. Уразбахтиннің жетекшілігімен "Қайрат" Қазақстан Суперкубогын жеңіп алып, ел чемпионатындағы атағын қорғады. Сонымен қатар команда өз тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды.

Бұл жетістік "Қайраттың" еуропалық футболдағы беделін арттырып, клуб тарихындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды.

Ал 2026 жылғы маусымда алматылық ұжым УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіне шығып, Қазақстан Премьер-лигасында күміс жүлдегер атанды.

Тэгтер:

Қайрат Рафаэль Уразбахтин