Қызылордада 14 жастағы жасөспірім пышақ емес, бұрауыштан алған жарақатынан көз жұмды. Қайғылы оқиға 21 қазанда қаланың орталық алаңында болған. Бұл туралы марқұмның әпкесі Threads әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Туыстарының айтуынша, жасөспірім мен 13 жастағы танысының арасында жанжал туындаған. Алдын ала мәлімет бойынша, дау 1000 теңгеге байланысты шығуы мүмкін. Жанжал кезінде жасөспірімнің кеуде тұсына бұрауыш сұғылған. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Марқұмның әпкесі қайғылы оқиғаға бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін екенін де айтқан. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Кәмелетке толмаған күдікті облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.
Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция істі ерекше бақылауға алған. Оқиғаның өзге де мән-жайы әзірге жарияланған жоқ.