Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен ықтимал бейбіт келіссөздер барысында елдің бейтарап мәртебесін қабылдау және әскер санын қысқарту мәселелері талқыланбайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол аумақтарды айырбастау туралы ұсынысқа келіспейтінін жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Украина басшысы бұл туралы 25 қазанда "1+1" телеарнасына берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, Киев қараша айында АҚШ, Ресей және Украина өкілдерінің қатысуымен өтеді деп жоспарланған үшжақты келіссөздерге дайын. Алайда бірқатар принципті мәселелер бойынша елдің ұстанымы өзгермейді.
Зеленский Украина Қарулы күштерінің санын шектеу және мемлекеттің бейтарап мәртебесін бекіту туралы талаптарды қабылдамайтынын атап өтті.
"Біздің қауіпсіздік кепілдіктеріміз – өзіміздің қауіпсіздік кепілдіктеріміз. Оларды Ресей тарапы белгілей алмайды", – деді Украина президенті.
Оның айтуынша, елдің қорғаныс қабілетіне қатысты шешімдерді басқа мемлекеттердің талап етуіне жол берілмеуі тиіс. Сонымен қатар Зеленский аумақтық мәселелер тек мемлекет басшылары деңгейінде талқылануы қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай маңызды шешімдерді техникалық келіссөз топтарының деңгейінде қабылдау мүмкін емес.
Украина президенті АҚШ тарапы ұсынған аумақтарды айырбастау нұсқасына да қарсы екенін жеткізді. Киев бұл мәселені талқылауға дайын болғанымен, қандай да бір аумақты басқа жеңілдіктерге айырбастауды қабылдамайды. Зеленский алдағы үшжақты келіссөздердің басты мақсаттарының бірі Украина, Ресей және АҚШ басшыларының жеке кездесуін ұйымдастыру болуы керек деп есептейді.
Оның сөзінше, қараша айында жоспарланған кездесуде тараптар соғысты тоқтатуға бағытталған нақты қадамдарды қарастыруы тиіс. Украина тарапы энергетикалық инфрақұрылымға жасалатын шабуылдарды тоқтату, Қара теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әскери тұтқындарды алмасу мәселелерін де көтеруге ниетті.
Бұдан бөлек, Зеленский халықаралық серіктестеріне Ресейге қарсы енгізілген санкцияларды мерзімінен бұрын алып тастамау жөнінде ескерту жасады. Оның пікірінше, санкциялық қысымды келіссөздердің нақты нәтижесі болмай тұрып әлсірету бейбіт процестің тиімділігіне кері әсер етуі мүмкін.