"12 адам жабылып ұрған": Қызылордада қаза тапқан жігіттің әпкесі мәлімдеме жасады

Бүгін, 11:43 / Ахмет Қанатұлы
Фото-коллаж: Stan.kz

Қызылордада бір топ адамның соққысынан ер адам қаза тапты деген ақпарат тарады. Марқұмның әпкесі бауырына 12 адам шабуыл жасаған болуы мүмкін екенін айтып, оқиғаға қатысы бар барлық адамның әрекетін тексеруді талап етті. Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Анастасия есімді қала тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялап, отбасында болған қайғылы оқиғаның мән-жайын баяндады. Оның айтуынша, бауырына бір топ адам шабуыл жасап, ауыр соққыға жыққан. Отбасына жеткен ақпарат бойынша, оқиғаға 12 адам қатысқан болуы мүмкін.

Анастасия бауырының жүрек тұсына соққы тигенін де мәлімдеді. Алайда бұл ақпараттың нақты мән-жайы мен өлімнің себебін тергеу анықтауы тиіс. Марқұмның әпкесін алаңдатып отырған басты мәселе – күдіктілердің саны. Оның сөзінше, куәгерлер оқиғаға 12 адамның қатысқанын айтқанымен, әзірге үш адам ғана ұсталған.

"Менің бір ғана сұрағым бар: егер куәгерлер шабуылға қатысқандардың саны бұдан көп болғанын айтып отырса, неге тергеу тек үш күдіктімен шектеліп отыр? Мен 12 адамның бәрі бірдей дәрежеде кінәлі деп отырған жоқпын. Бірақ әрқайсысының әрекеті мұқият тексеріліп, куәгерлердің сөздері ескерілуін талап етемін", – деп жазды Анастасия.

Ол оқиға орнында болған адамдардың әрқайсысының әрекетіне жеке құқықтық баға берілуі керектігін атап өтті.

Аталған жағдайға қатысты Қызылорда облысының полиция департаменті түсініктеме берді. Құқық қорғау органдары қала тұрғынының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысты бейнежазбаларды зерттеп, өзге адамдардың қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.

"Іс бойынша алынған барлық бейнежазба зерделенді. Оқиғаға басқа адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Іс бойынша әрбір адамның рөлі мен қатысу деңгейіне тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды", – делінген хабарламада.

Полиция өкілдері қылмыстық істің тергелуі департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін де жеткізді.

Әзірге оқиғаға нақты қанша адамның қатысқаны ресми түрде анықталған жоқ. Марқұмның туыстары айтып отырған 12 адам туралы мәлімет те тергеу барысында тексерілмек. Құқық қорғау органдары оқиғаның өзге мән-жайларын тергеу мүддесіне байланысты жарияламады.

Тэгтер:

Қызылорда қайғылы жағдай