Қазақстанда мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін бағалаудың 2010 жылдан бері қолданылып келген жүйесі күшін жойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті жарлығы 21 қазанда қолданысқа енді. Енді министрліктер мен әкімдіктердің қызметін бағалау тәртібі өзгермек, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 18 қыркүйекте №1469 жарлыққа қол қойған. Құжатқа сәйкес, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктердің қызметін бағалауға қатысты бұрын қабылданған бірқатар нормативтік актінің күші жойылды.
Олардың арасында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы 19 наурызда бекіткен №954 жарлық та бар. Аталған құжат мемлекеттік органдардың тиімділігін жыл сайын бағалаудың бірыңғай жүйесін енгізген болатын.
Жаңа жарлықтың қосымшасында бұрынғы бағалау тәртібіне қатысты күші жойылған құжаттар мен жекелеген ережелердің 33 тармағы көрсетілген.
Бұрын министрлер мен әкімдердің жұмысы қалай бағаланды?
Осы уақытқа дейін мемлекеттік органдардың қызметі арнайы көрсеткіштер негізінде бағаланып келді.
Бағалау барысында министрліктер мен әкімдіктердің алдына қойылған міндеттерді орындауы, бюджет қаражатын тиімді пайдалануы, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы және басқару жүйесінің нәтижелілігі ескерілді.
Соңғы жылдары бағалау үш негізгі бағыт бойынша жүргізілген.
Мемлекеттік органның мақсаттарға қол жеткізу деңгейіне жалпы бағалаудың 45 пайызы берілді. Бұл бағытта даму жоспарларының орындалуы мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы назарға алынды.
Екінші бағыт – халықпен және бизнеспен байланыс. Оның үлесі 30 пайызды құрады. Мұнда мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі, азаматтардың өтініштерін қарау және мекеме жұмысының ашықтығы бағаланды.
Ал қалған 25 пайыз ұйымдастырушылық дамуға тиесілі болды. Бұл көрсеткіш кадр саясаты мен ақпараттық технологияларды пайдалану тиімділігін қамтыды.
Жиналған мәліметтер негізінде мемлекеттік органдардың рейтингі жасалып, нәтижелері Президентке ұсынылатын.
Төмен нәтиже көрсеткен шенеуніктерге не болды?
Бұрынғы жүйеге сәйкес, мемлекеттік орган бірнеше жыл қатарынан төмен нәтиже көрсетсе, оның басшысының жауапкершілігін қарау мәселесі көтерілуі мүмкін еді.
Атап айтқанда, министрлік немесе әкімдік рейтингте соңғы үш орынның біріне орналасса не үш жыл қатарынан көрсеткіштері нашарласа, Президент әкімшілігі тиісті ұсыныс енгізе алатын.
Дегенмен бұл төмен баға алған министр немесе әкім автоматты түрде қызметінен босатылады дегенді білдірмеген. Әрбір жағдай жеке қарастырылған.
Енді осы рейтингке негізделген жауапкершілікті қарау тәртібі тоқтатылды.
Шенеуніктердің жұмысы енді бақылаусыз қала ма?
Жаңа жарлық министрлер мен әкімдердің қызметі мүлде бағаланбайды дегенді білдірмейді.
Мемлекеттік органдардың жұмысын бақылаудың басқа тетіктері, оның ішінде мемлекеттік аудит, бюджеттік бағдарламалардың орындалуын тексеру және мемлекеттік қызмет сапасын бағалау сақталады.
Ал 16 жыл бойы қолданылған бірыңғай жыл сайынғы рейтинг жүйесі өз жұмысын тоқтатты.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалауда бірқатар мәселе бар екенін мәлімдеген.
2025 жылы жүргізілген талдау барысында Қазақстанда мемлекеттік органдардың қызметін бағалаудың тоғыз түрлі форматы қолданылып келгені айтылды.
Аудиторлардың пікірінше, кейбір бағалау тәсілдері бірін-бірі қайталап, мемлекеттік мекемелер жұмысының нақты нәтижесін толық көрсетуге мүмкіндік бермеген.
Осыған байланысты бағалау жүйесін жеңілдету және оның тиімділігін арттыру қажеттігі көтерілген.
Жаңа жүйеде не өзгеруі мүмкін?
Бұған дейін мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың жаңа тәсілдері ұсынылған болатын.
Соның бірі – министрліктер мен әкімдіктерді өзара салыстырудың орнына, әр мекеменің бұрынғы көрсеткіштерімен салыстырғанда қаншалықты ілгерілегенін анықтау. Сондай-ақ мемлекеттік органдарды AAA, AA, A және BBB сияқты әріптік санаттар бойынша бағалау мүмкіндігі қарастырылған.
Тағы бір ұсыныс бойынша, мемлекеттік органдардың қызметін жыл соңында бір рет емес, жылына үш рет бағалау көзделген.
Бұл кемшіліктерді уақытында анықтап, оларды жедел түзетуге мүмкіндік беруі тиіс. Бұдан бөлек, әр министрлік пен әкімдікке жеке тиімділік көрсеткіштерін, яғни KPI бекіту мәселесі көтерілген.
Жаңа тәсілде өткізілген жиналыстар мен іс-шаралар санына емес, азаматтардың өміріне әсер ететін нақты нәтижелерге басымдық беру ұсынылып отыр. Сонымен бірге екі жыл қатарынан төмен нәтиже көрсеткен мемлекеттік орган басшыларына қатысты кадрлық шешім қабылдау мүмкіндігі де талқыланған. Алайда бұл ұсыныстардың барлығы жаңа тәртіп ретінде бекітілді деген сөз емес.
Президенттің №1469 жарлығы бұрынғы жүйенің күшін жояды, бірақ оның орнына енгізілетін жаңа бағалау моделін нақты белгілемейді.
Сондықтан министрлер мен әкімдердің қызметі алдағы уақытта қандай бірыңғай тәртіппен бағаланатыны қосымша нормативтік шешімдер арқылы нақтылануы мүмкін.