Ұлыбритания ханзадасы Уильям Қазақстанның жетістігін әлемге үлгі етті (ВИДЕО)

Бүгін, 09:19 / Ахмет Қанатұлы
Уильям ханзада. Фото: Aaron Chown / POOL / AFP via Getty Images

Ұлыбритания тағының мұрагері Уильям ханзада BBC телеарнасындағы танымал бағдарламада Қазақстанды ерекше атап өтті. Ол елімізде жойылып кету қаупінде тұрған киіктердің санын қалпына келтіру бағытында атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Уильям ханзада 23 қазанда эфирге шыққан The Graham Norton Show бағдарламасына қонақ ретінде қатысқан. Сұхбат барысында табиғатты қорғау мәселесі көтеріліп, Қазақстандағы киік популяциясының қалпына келуі сөз болды. Бағдарлама кезінде студия экранынан киіктің суреті көрсетілген. Жүргізуші Грэм Нортон жануардың ерекше сыртқы келбетіне назар аударып, ханзададан ол туралы айтып беруін сұраған.

Уильям киіктің Қазақстанда мекендейтінін айтып, оның бір кездері жойылып кету қаупіне ұшырағанын еске салды. Ханзада Қазақстан билігінің табиғатты қорғау бағытындағы жұмысына ерекше тоқталды.

"Бұрын киіктер жойылып кету алдында тұрған еді, ал енді олардың саны қайтадан орасан зор көрсеткішке жетті. Мұның бәрі Қазақстан үкіметі киіктердің ел үшін және табиғатты сақтау үшін қаншалықты маңызды екенін түсінгенінің арқасында. Және билік оны қорғауға жан-жақты қолдау көрсетті", – деді Уильям ханзада.

Ол сондай-ақ Қазақстанның дала экожүйесін сақтауға бағытталған «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасын атап өтті.

Аталған жоба киіктерді қорғаумен қатар, олардың табиғи мекендеу ортасын сақтауға, заңсыз аңшылықпен күресуге және биоалуантүрлілікті қалпына келтіруге бағытталған. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі Уильям ханзаданың сөзінен үзінді жариялап, бұл оқиғаны еліміздің табиғатты қорғау саласындағы жетістігінің халықаралық деңгейде мойындалуы ретінде атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстанда киік саны соңғы жиырма жылда айтарлықтай артқан.

2003 жылы елдегі киіктердің саны небәрі 21 мың бас шамасында болса, 2023 жылы олардың популяциясы 1 миллион 915 мың басқа жеткен. Ал 2026 жылғы есеп бойынша, Қазақстандағы киіктер саны 4,6 миллионнан асқан.

Киік популяциясының қалпына келуі халықаралық табиғатты қорғау ұйымдарының да назарын аударды. 2023 жылы Халықаралық табиғатты қорғау одағы киіктің жойылып кету қаупі бойынша мәртебесін төмендетті. Бұл жануарды қорғау бағытындағы көпжылдық жұмыстың нәтижесі ретінде бағаланды. Сонымен қатар 2024 жылы Қазақстандағы «Алтын дала» бастамасы табиғатты қорғау саласындағы беделді Earthshot Prize халықаралық сыйлығын жеңіп алды.

Тэгтер:

киік Уильям ханзада