Қазақстанда салыққа қатысты жаңа жеңілдіктер енгізілуі мүмкін

Бүгін, 09:25 / Альфия Адамбек
Фото: Құрылтай

Құрылтайда Ольга Перепечинаның төрағалығымен Қаржы және бюджет комитетінің тақырыптық отырысы өтті. Талқылау салалық министрліктер әзірлеп жатқан Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасының жаңа ережелеріне арналды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Отырысты ашқан Ольга Перепечина елдің негізгі бюджеті салық түсімдерінен және оны дұрыс басқарудан құралатынын атап өтті. Бұл ретте, экономикалық дамудың кезеңдері салық салу тәсілдерін жетілдіруді және қайта қарауды талап етеді. 

“Қазіргі таңда Жобалық кеңсе отырыстарының нәтижелері бойынша Салық кодексін қолдану практикасын және мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын ескере отырып, Үкімет Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірледі. Жақында құжат Құрылтайдың қарауына енгізіледі”, – деді комитет төрағасы.

Жаңа заң жобасының ережелерімен депутаттарды экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мен Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов таныстырды.

Ұлттық экономика вице-министрінің дерегі бойынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін жоба жеке тұлғалардың цифрлық активтерді сатуы кезінде құн өсімін жеке табыс салығынан босатуды ұсынып отыр.

“Басты шарт – операциялар Қазақстан заңнамасы бойынша тіркелген провайдерлер арқылы жүргізілуге тиіс. Ол 2026 жылдан 2028 жылға дейін күшінде болады. Бұл өзгеріс қазақстандық провайдерлер арқылы операция жүргізуге және цифрлық активтердің реттелетін нарығын дамытуға серпін береді”, – деп атап өтті Азамат Әмрин.

Президент тапсырмасын іске асыру аясында әзірленген түзетулердің тағы бір блогы бойынша «Алтын виза» иегерлері жеке табыс салығынан, мүлік пен жерге салынатын салықтардан, сондай-ақ кірістер мен мүлікті декларациялаудан босатылуы мүмкін. Заң жобасы сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдар үшін жеке табыс салығына қатысты шегерімдерді кеңейтуді, әлеуметтік салықтан жекелеген кірістерді босатуды қалпына келтіруді, ауыл шаруашылығындағы қосымша құн салығын қайтару мен қосымша есепке алуды және тағы басқаларын  қамтиды.

Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржановтың айтуынша, микро және шағын бизнеске қатысты түзетулерде әкімшілік жүктемені азайтуға және салықтық өзгерістер кезеңінде кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған шартты «таза парақ» тетігі қарастырылған. 

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов заң жобасын пысықтау бойынша бірқатар ұсыныстарға тоқталды. Атап айтқанда, салық берешегі үшін электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұру туралы норманы қайта қарауды, жеткізу тізбегіндегі бұзушылықтарға байланысты ҚҚС-ты қайтарудан бас тартуды жоюды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен өңдеушілер үшін ҚҚС-тың қосымша есебін сақтауды қолдайтынын жеткізді. 

Талқылау барысында Құрылтай депутаттары азық-түлік пен коммуналдық қызметтердің құнына салықтық өзгерістердің әсері, оның ішінде көмір саласындағы жалпыға бірдей белгіленген режим мен ахуал үшін шектеулерді ескеру сынды мәселелерді көтерді. Банк және қаржы секторы үшін салықтық преференциялардың негізділігіне, жолаушылар үшін әуе билеттерінің құнына қатысты ҚҚС-тың әсеріне, сондай-ақ медицина және ауыл шаруашылығы салаларындағы салық мәселелеріне ерекше назар аударылды. 

Отырыс соңында комитет төрағасы Ольга Перепечина заң жобасы Құрылтайдың қарауына енгізілгеннен кейін жұмыс жалғасатынын айтты. Депутаттар ұсынылған нормаларды жұмыс тобы шеңберінде жан-жақты пысықтап, қажет болған жағдайда түзетулерге бастамашы бола алады. Комитет төрағасы атап өткендей,  бизнесті қолдау, әкімшілік кедергілерді азайту және ел экономикасының тұрақты дамуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету мәселелері айрықша маңызға ие. 

Тэгтер:

президент салық комитет басшы