Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, елдің тұрақты дамуы үшін алға қойылған міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындау қажет. Әсіресе, халықты қажетті әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету маңызды.
Президент Қазақстанның барлық өңірінде құрылыс жұмыстарын жандандыру керектігін айтты. Бұл бастама жекелеген жобалармен шектелмей, бүкіл елді қамтуға тиіс.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа нысандарды салмас бұрын әр аймақтың нақты қажеттілігін анықтауды тапсырды. Ол үшін облыстардағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт мекемелерінің жағдайына жан-жақты талдау жүргізілуі керек.
Президент бұл жұмысты қысқа мерзімде аяқтау қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың негізгі шарттарының бірі саналады.