Қазақстан экономикасының көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтеріледі – Президент

Бүгін, 11:15 / Альфия Адамбек
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында инфрақұрылымға тоқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысының сөзінше, алдағы жылдары әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарына басымдық беріледі. Бұл мақсатқа елдің экономикалық мүмкіндігі жеткілікті екенін атап өтті.

Президент Халықаралық валюта қорының болжамына сүйене отырып, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайтынын жеткізді. Ал жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады деп күтілуде.

Оның айтуынша, Қазақстан экономикасының көлемі жағынан әлемде 47-орынға көтеріледі. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан. Ал алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 миллиард доллардан жоғары.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы экономикалық мүмкіндіктерді ел өңірлерін дамытуға бағыттау қажеттігін айтты. Атап айтқанда, Қазақстанның барлық аймағында әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланып отыр.

Осыған байланысты Үкіметке ауқымды Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Президенттің мәлімдеуінше, бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді.

Бұдан бөлек, 2026 жылдың қалған кезеңі мен 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге қарастыру қажет.

Тэгтер:

тоқаев жолдау экономика