Жанболат Найзабеков басынан өткен қайғылы оқиғаны еске алды

Бүгін, 13:46 / Альфия Адамбек
Фото: әлеуметтік желі

«Өнер қырандары» театрының актері Жанболат Найзабеков өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі туралы айтып, үйлену тойы күні болған қайғылы жағдайды еске алды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өнер иесі журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында шаңырақ көтеретін күні жол апатына ұшырағанын айтты. Қайғылы оқиға салдарынан болашақ жары Іңкәрдің ең жақын құрбысы қаза тапқан.

Актердің сөзінше, жол апатына небәрі 20 минут қалғанда марқұм бойжеткен онымен көліктегі орындарын ауыстырған. Алайда көп ұзамай күтпеген жағдай болып, қуанышқа толы күн орны толмас қайғыға ұласқан.

Осы оқиғадан кейін 400 қонақ шақырылған үйлену тойы өтпей қалған. Жақын адамынан айырылған Іңкәрге бұл жағдай ауыр соққы болып, ол ұзақ уақыт күйзелісте жүрген.

Уақыт өте келе ерлі-зайыптылар тек ең жақын туыстарының басын қосып, шағын беташар рәсімін өткізген.

Жанболат Найзабеков сұхбат барысында сол күнгі оқиғаның әлі күнге дейін жадында екенін жеткізді. Сондай-ақ актер болашақта түрлі себептермен өтпей қалған үйлену тойын ұйымдастыру ниеті барын да жасырмады.

Тэгтер:

отбасы Өнер қырандары Жанболат Найзабек