Дастан Акебаев: Тексеруге мораторий жариялау кәсіпкерлердің жүктемесін жеңілдетеді

Бүгін, 19:11 / Камила Дүйсен
Экономикалық зерттеулер институты

Бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий жариялау кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтады. Бұл мемлекеттік органдарға бақылау мен қадағалаудың цифрлық құралдарын жетілдіруге де мүмкіндік береді. Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Дастан Акебаев Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген бастамаға қатысты осындай пікір білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті дамытуға, отандық өндірушілерді қолдауға және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға ерекше көңіл бөлді. Атап айтқанда, Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, келесі жылдан бастап бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын қарастыруды ұсынды.

«Кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту қазір айрықша маңызды. Мемлекет басшысы айтқандай, 2026 жылдың алғашқы жартысында жеке кәсіпкерлер жіберген заңбұзушылықтар 34 пайызға азайған. Соған қарамастан, салынған айыппұлдың жалпы сомасы шамамен 11 пайызға көбейіп, жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан», – деді Дастан Акебаев.

Оның айтуынша, артық тексерулерді қысқарту, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі микро және шағын кәсіпорындар үшін қажет. Бұған дейін де осындай тәжірибе болған. Мәселен, 2020-2023 жылдары микро және шағын бизнесті тексеруге мораторий жарияланып, кәсіпкерлерге түсетін бақылау жүктемесі едәуір азайған. Алғашқы жылдың өзінде тексерулер саны жеті есе қысқарып, 66,2 мыңнан 9,3 мыңға түскен.

Сол тұста кәсіпкерлік те кең өріс алған болатын. Сарапшының сөзінше, 2019-2023 жылдар аралығында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,33 миллионнан 2 миллионға жетіп, 50,5 пайызға көбейген. Олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 31,7 пайыздан 36,9 пайызға өсті. Дегенмен, сарапшының ескертуінше, бұл өсімге өзге қолдау шаралары мен елдегі экономикалық жағдайдың өзгеруі де ықпал еткенін естен шығармаған абзал.

«Соңғы он жылда шағын және орта кәсіпкерліктің Қазақстан экономикасындағы орны нығая түсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,9 пайызға жетті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында өндірілген өнім көлемі 19,5 триллион теңге болып, былтырғы сәйкес кезеңнен 4,3 пайызға артты», – деді ол.

Дастан Акебаевтың түсіндіруінше, биыл кәсіпкерлер жаңа салық талаптарына бейімделіп жатыр. Биылғы қазан айындағы есеп бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,98 миллионды құраған. Жыл басынан бері олардың саны 9 пайызға азайған. Бұған көбіне жеке кәсіпкерлердің бір бөлігінің өзін өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режиміне ауысуы себеп.

Соған қарамастан, шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасына қомақты үлес қосып, халықты жұмыспен қамтудың негізгі көздерінің бірі болып отыр. Бірінші тоқсанда бұл салада шамамен 3,92 миллион адам еңбек еткенін көреміз. Бұл елдегі барлық жұмыспен қамтылған адамның 41,7 пайызына тең.

«Президент шағын және микробизнеске барынша қолдау көрсетумен бірге, орта бизнесті дамытуға жағдай жасау керектігін айтты. Осыған орай арнайы жоспар әзірлеу міндеті қойылды. Онда орта кәсіпорындарды ұзақмерзімді қаржыландыру, технологиялық тұрғыдан жаңарту және өнімін ірі компанияларға жеткізуге жол ашу шаралары қарастырылуға тиіс», – деді сарапшы.

Оның келтірген дерегіне сүйенсек, 2025 жылы шағын бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 33,7 пайыз, ал орта бизнестің үлесі 7,2 пайыз болған.

Сонымен бірге, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алудың бір бөлігін шағын және орта кәсіпкерлерге бөліп, жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету отандық өндірушілерге қосымша мүмкіндік береді. Олардың өнімін өткізуге көмектесу де мемлекеттік қолдаудың тағы бір бағыты болмақ. Ол үшін қолданыстағы қолдау шараларын маркетплейстердің, банктер мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктерімен ұштастыру көзделген.

Тэгтер:

жолдау экономика шағын және орта бизнес Дастан Акебаев Экономикалық зерттеулер институты